Қазақстандық ерлер қандай құндылықтарды маңызды санайды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда маусым айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін Әкелер күні қарсаңында Қазақстандық қоғамдық даму институты қазіргі әкелердің отбасы құндылықтарына қатысты ұстанымдарын жариялады.

Фото: Қазақстандық қоғамдық даму институты

Әлеуметтік зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазақстандық ер-азаматтардың 88,7%-ы ата-ана болуды өміріндегі басты басымдықтардың бірі деп санайды. Оның ішінде 57,2%-ы әке ретіндегі рөліне жоғары мән берсе, 31,5%-ы оны бәрінен де маңызды деп бағалаған.

Зерттеу деректері ерлердің басым бөлігі отбасы мәселесіне жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді. Атап айтқанда, респонденттердің 67,2%-ы бала тууды алдын ала жоспарлау қажет деп есептейді. Мамандардың пікірінше, бұл көрсеткіш соңғы жылдары тұрақты сақталып келеді.

«Зерттеу нәтижелері қазақстандық әкелердің отбасындағы өз рөлін маңызды деп қабылдайтынын көрсетеді. Ер-азаматтардың басым бөлігі ата-ана болуды өмірлік басымдық ретінде қарастырады және бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарайды. Сонымен қатар отбасы институтындағы әкенің орны тек материалдық қамсыздандырумен шектелмей, тәрбие мен құндылықтарды қалыптастыруда да маңызды екені байқалады. Бұл үрдіс қазіргі қазақстандық қоғамда әкелік жауапкершіліктің артып келе жатқанын аңғартады», – делінген зерттеу қорытындысында.

Сауалнамаға қатысқан ер-азаматтардың 73,1%-ы берекелі отбасының басты негізі ретінде ата-ананың екеуінің де болуын атаған. Бұл көрсеткіш әйелдердің бағалауымен де сәйкес келеді, олардың 70,6%-ы осы пікірді қолдайды.

Сондай-ақ зерттеуге сәйкес, ерлер үшін отбасы ең алдымен ұрпақ жалғастырумен байланысты. Бұл нұсқаны респонденттердің 44,5%-ы таңдаған.

Ал 41,5%-ы отбасыны бақыт пен махаббаттың символы деп есептесе, 37,3%-ы өмірдің мәні ретінде бағалаған.

Айта кетейік, «Әкелер одағы» цифрлық дәуірдегі әкенің рөлі жайлы талқылады.