Қазақстандық фильм Қытайдағы байқауда үздік операторлық жұмыс номинациясын жеңіп алды

Фото: Коллаж: Kazinform / Freepik

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда өткен «Алтын панда» байқауында қазақстандық Азамат Дулатов үздік операторлық жұмыс номинациясын жеңіп алды, деп хабарлайды қытайлық Халық газеті.

Сычуань өлкесінің Чэнду қаласында өткен екінші «Алтын панда» байқауында 27 сыйлық табыс етілді. Марапатқа ие болғандардың ішінде қазақстандық Азамат Дулатов та бар. Ол «Қаш» фильмімен үздік операторлық жұмыс номинациясын жеңіп алды.

Аталған «Қаш» фильмі екі ағайындының жеке оқиғасы арқылы 1931-1933 жылдардағы қазақ даласындағы жаппай ашаршылық трагедиясын баяндайды.

Айта кетейік, байқауда фильмдер, телехикаялар, деректі фильмдер мен мультфильмдердің төрт негізгі номинациясы бойынша, сондай-ақ қазылар алқасының арнайы жүлдесі бойынша барлығы 27 марапат жарияланды.

«Алтын панда» марапаттары — дәуірдің квинтэссенциясын бейнелейтін, халықаралық перспективаларды көрсететін, жалпы адамзаттық құндылықтарды насихаттайтын және эмоционалды байланыстарды тудыратын ерекше кино және тележұмыстарға берілетін халықаралық байқау. Халықаралық қазылар алқасының құрамына әлемдік ықпалы бар құрметті мамандар шақырылады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Димаш Құдайберген Шанхай халықаралық кинофестивалінің жабылу салтанатында өнер көрсеткенін жазған едік.