Қазақстандық фильмдер цифрлық платформаларда кеңінен танылады

АСТАНА. KAZINFORM – Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Yango Group компаниясының бас директоры Даниил Шулейкомен кездесті.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Тараптар креативті индустриялар, цифрлық технологиялар, жасанды интеллекті мен білім беру салаларындағы ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ қазақстандық контентті кеңінен таныту мәселелерін талқылады.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Отандық киноны цифрлық платформаларда насихаттауға ерекше назар аударылды. Кинопоисктегі қазақстандық жаңа фильмдер санын арттыру, фильмдердің тұсаукесерлеріне ақпараттық қолдау көрсету, сондай-ақ отандық туындыларды платформаның тақырыптық топтамаларына және көрерменге ұсынылатын фильмдер тізіміне енгізу мәселелері сөз болды. 

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Тараптар туындыларды заңсыз көшіру мен таратуға қарсы күрес пен авторлық құқықты қорғауға бағытталған заңнамалық бастамаларды бірлесіп ілгерілету мәселесін де талқылады. Сонымен қатар өнер мен кино саласында жасанды интеллектіні қолдану, креативті индустрияларды цифрландыру және заманауи цифрлық дағдыларды дамыту жайы қарастырылды. Білім беру саласындағы ынтымақтастық аясында Yandex Qazaqstan сарапшылары мен тәлімгерлерінің Креативті индустрияларды дамыту қорының іс-шараларына қатысу мүмкіндігі қарастырылды. 

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Арман Қырықбаев Yandex Qazaqstan компаниясының Creative Qazaqstan жобасын да атап өтті. Қазақстанның қазіргі креативті экономикасына арналған бұл жоба «Хабар» және Qazaqstan телеарналарында жүзеге асырылып жатыр.

Кездесу соңында тараптар кино, креативті индустриялар, жасанды интеллекті мен цифрлық білім беру салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, сондай-ақ қазақстандық контентті кеңінен танытуға мүдделі екенін растады.

Айта кетейік, Бішкектегі «Ала-Тоо» кинотеатрында 28–30 қыркүйек аралығында Қазақстан киносы күндері өтті.