АСТАНА. KAZINFORM — UEFA еурокубок ойындарындағы бірінші іріктеу кезеңіндегі қарымта кездесу ойындарының уақытын белгіледі. Онда еліміздің атынан «Қайрат», «Ақтөбе» мен «Ордабасы» бақ сынайды.
Алдымен 15 шілдеде Алматыда Чемпиондар лигасында жергілікті «Қайрат» өз алаңында Словенияның «Олимпиясын» қабылдайды. Ойын қазақстандық уақытпен 20:00–де басталады.
Ал 17 шілдеде «Ақтөбе» Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінде Польшаның «Легиясымен» шеберлік байқасады. Кездесу Ақтөбеде 21:00–де басталады. Дәл сол уақытта Шымкентте Конференция лигасында жергілікті «Ордабасы» грузиялық «Торпедо» клубымен ойнайды.
Еске салсақ, бірінші кездесуінде «Қайрат» «Олимпиямен» (1:1) тең түссе, «Ақтөбе» «Легияға» (0:1), «Ордабасы» «Торпедоға» (3:4) есе жіберді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.