Қазақстандық ғалым ғылымға жаңа бактерия түрін енгізді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық ғалым Серік Бакиев пен оның әріптестері ғылымға бұрын белгісіз болған жаңа бактерия түрін анықтады.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің биология, химия ғылымдары және қоршаған орта білім беру бағдарламаларының жетекшісі, PhD Серік Бакиевтің ғылыми зерттеулері су экожүйелерінің биоалуантүрлілігін сақтау, аквакультураны дамыту, антибиотиктерге төзімді бактерияларды зерттеу және молекулалық генетика бағыттарын қамтиды.

Ғалым ғылыми жолын студент кезінен бастап, Жайық-Каспий бассейніндегі бекіре тұқымдас балықтардың генетикалық қорын зерттеу жобаларына қатысқан. Кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде докторантурада оқып, бактериофаг эндолизиндері арқылы балықтардың бактериялық патогендерін залалсыздандыру тәсілдерін зерттеген.

2025 жылы Серік Бакиев қазақстандық ғалымдар тобымен бірге ғылымға жаңа Aeromonas oralensis бактериясын енгізді. Сонымен қатар ғылым мен технология саласындағы жетістіктері үшін Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылым үздігі» құрмет дипломымен марапатталды.

«Ғылыми зерттеулеріміз су экожүйелерінің қауіпсіздігін арттыруға, аквакультура саласын дамытуға және микробиологиялық тәуекелдерді азайтуға бағытталған. Ғылым нәтижелерінің нақты өндіріске енгізілуі біз үшін маңызды көрсеткіш саналады», – делінген ғалым туралы жарияланған мәліметте.

Бүгінде зерттеушінің 59 ғылыми жарияланымы бар. Оның ішінде Web of Science және Scopus базаларында индекстелетін халықаралық журналдардағы мақалалар, монографиялар, патенттер мен практикалық ұсынымдар қамтылған.

Ғалымның жетекшілігімен табиғи және жер асты суларының микробиомын зерттеу, эндофитті бактерияларды бөліп алу және антибиотиктерге төзімділіктің таралуын бағалау бағытындағы жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Айта кетейік, Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында органикалық өнім өндіру цехы ашылады.