Қазақстандық ғалымдар 1 грамы 80 млн доллар тұратын өнім шығаратын үдеткіш жасамақшы

Фото: Александр Павский/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – «Ядролық физика институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Саябек Сахиев Сенатта өткен кездесуде Үкіметтен 1 грамы 80 млн доллар тұратын өнім шығаратын өндірісті ұйымдастыруға қолдау сұрады.

- Біздің Ядролық физика институты шығарып отырған «кобальт-57» дейтін радиоизотопты Францияның атақтың Orano компаниясы, Zekkert компаниясы сатып алады. Бұлардың қатарына Ресейден кейін түріктер кіргісі келіп отыр. Осы жобаға сіздер көңіл бөліп, тағы бір үдеткіш орната алсақ, германий-гелий генераторын, актиний-225 радиофарм препаратының негізінде құралатын, 1 грамы 80 млн доллар тұратын осындай өндірісті айналдырған 3-4 жылдың ішінде ұйымдастыра аламыз. Бірақ оған қажетті 5-10 млн доллар қаржы бөлгізетін тетік заңнамада жоқ, - деді ғалым.

Оның айтуынша, Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынатын үш жылдық гранттар мұндай қымбат жобаларды қолдауға қауқарсыз.

- Бізге 5-10 жылдың көлемінде үздіксіз қаржыландырылатын бағдарлама керек. Өйткені бүгін 100 млн теңге тұратын қондырғы 2 жылдан кейін қанша тұратынын бір Құдай біледі, - деді Саяюек Сахиев.

Сондай-ақ, ол институттың АЭС қалдықтарын өңдейтін жобасын Түркия патенттеп алуы мүмкін екенін мәлім етті.