Қазақстандық ғалымдар АҚШ-та патенттелетін биотехнология әзірлеп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы жылдары ЖИ биология мен медицина саласына да белсенді енгізіліп, жаңа дәрілік препараттарды әзірлеу үдерісін жеделдетуге мүмкіндік беріп отыр.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында Arlan Biotech стартабының негізін қалаушы, биолог Болат Сұлтанқұлов жасанды интеллект негізіндегі биотехнологиялық жоба жайлы айтып берді.

Оның сөзінше, команда бүгінде антиденелер мен наноденелерді құрастыруға арналған жасанды интеллект платформасын дамытып жатыр. Қазіргі таңда жоба АҚШ-та патенттеуге ұсынылған.

— Наноденелерді антиденелердің шағын түрі деп түсіндіруге болады. Қазір біздің жүйе антиденелер мен наноденелерді жобалауға мүмкіндік береді. Жобаны АҚШ-та патенттеуге жібердік. Себебі бұл биотехнология саласындағы ең ірі нарықтардың бірі, — дейді Болат Сұлтанқұлов.

Стартаптың тарихы пандемия кезеңінен басталған. Зерттеушілер бұған дейін жасаған дәстүрлі тәсілдердің мүмкіндігі шектеулі екенін түсініп, жасанды интеллект көмегіне жүгінген.

— Классикалық әдістермен белгілі бір ақуызға қарсы антидене табу ұзақ уақыт алады. Ал жасанды интеллект миллиондаған нұсқаны қысқа уақыт ішінде талдап, тиімді шешімдерді ұсына алады. Біздің басты артықшылығымыз да осында, — дейді биолог.

Оның айтуынша, технология ең алдымен онкологиялық және аутоиммундық ауруларды зерттеуге қажетті антиденелерді әзірлеуді жеделдетеді. Жоба әзірге дәрі шығармайды. Оның орнына фармацевтикалық компаниялар мен ғылыми зертханаларға жаңа молекулаларды іздеуге көмектесетін цифрлық құрал ұсынады.

— Біз дәрі өндіруші емеспіз. Біздің міндетіміз — ғалымдарға қажетті нұсқаларды тезірек табуға мүмкіндік беру. Кейін зертханалар мен фармацевтикалық компаниялар сол мәліметтерді пайдаланып, өз өнімдерін әзірлей алады, — дейді Болат Сұлтанқұлов.

Айта кетейік, бұған дейін, елімізде жауын-шашын мөлшерін көбейту технологиясы сынақтан өтіп жатқанын жазған едік.