Қазақстандық ғалымдар бал мен зімбірден жаңа сусын әзірледі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық ғалымдар бал мен зімбір негізінде алкогольсіз функционалды фитосусын дайындаудың жаңа технологиясын әзірледі, деп хабарлайды АШМ.

Фото: АШМ

Жаңа өнімді Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының құрамындағы Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары жасап шығарған.

Жобаның ерекшелігі – Қазақстанда функционалды сусын өндірісінде бал мен зімбірдің мұндай үйлесімі бұрын қолданылмаған. Ғалымдар екі табиғи өнімді бір рецептурада біріктіріп, бастапқы шикізаттың пайдалы қасиеттерін барынша сақтауға мүмкіндік беретін өңдеу технологиясын әзірледі.

Жоба аясында институт мамандары сусынның 40 түрлі құрамын әзірлеп, сынақтан өткізген. Зерттеу нәтижелері, дәмі мен иісіне қатысты көрсеткіштері және экономикалық тиімділігі ескеріліп, олардың ішінен ең перспективалы төрт нұсқа таңдалды.

– Алынған сусындар құрамындағы антиоксиданттардың жоғары мөлшерімен ерекшеленеді. Технологияны әзірлеу кезінде бал мен зімбірдің биологиялық белсенді компоненттерін сақтауға ерекше көңіл бөлінді. Бұл пайдалы қасиеттері айқын функционалды өнім алуға мүмкіндік береді, – делінген орталық ақпаратында.

Ғалымдардың айтуынша, жаңа технологияның практикалық маңызы отандық балды тағам өнеркәсібінде кеңінен пайдалануға мүмкіндік беруінде. Қазақстанда бал өндіру көлемі айтарлықтай болғанымен, оны функционалды сусындарды өнеркәсіптік өндіруде пайдалану үлесі әзірге төмен.

Жаңа технология омарташылық өнімдерін өңдеудің қосымша бағытын қалыптастырып, қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Әзірлемеге Қазақстан Республикасының пайдалы модельге патенті алынған. Сонымен қатар алкогольсіз және құрамында спирті аз фитосусындарды өнеркәсіптік жолмен өндіруге арналған әдістемелік ұсынымдар дайындалды.

Қазіргі уақытта технологияны тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына енгізуге болады. Оны өндіріске шығару отандық функционалды сусындардың түрін көбейтуге, омарташылық өнімдерін терең өңдеу деңгейін арттыруға және қазақстандық ғалымдардың әзірлемелерін коммерцияландыруға мүмкіндік бермек.

Айта кетейік, Қазақстан ғалымдары гектарынан 35 тоннаға дейін өнім беретін картоп сортын шығарды.