Қазақстандық ғалымдар Horizon Europe грантына өтінім бере алады

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Назарбаев университетінде Қазақстан тұрақты даму шешімдері желісінің (SDSN) екінші конференциясы өтіп жатыр.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Онда қазақстандық ғалымдарға Еуропалық Одақтың климаттың өзгеруіне қарсы күреске бағытталған зерттеулер мен инновацияларды қаржыландыру жөніндегі Horizon Europe гранттық бағдарламасы таныстырылды.

Еуропалық комиссияның ғылыми-зерттеу және инновациялар жөніндегі бас дирекциясының өкілі Кремена Милева Horizon Europe бағдарламасы қазақстандық ғалымдар мен зерттеу ұйымдары үшін ашық екенін жеткізді.

«Бағдарламаның жалпы бюджеті шамамен 100 миллиард еуроны құрайды және 7 жылға есептелген. Қазір бағдарлама аралық кезеңде тұр және 2027 жылға дейін жалғасады. Қазақстандық ғалымдардың келесі үш кезеңге дайындалуға және қатысуға уақыты бар. Әрине, біз қазақстандықтардың бұл бағдарламаға көбірек қатысқанын қалаймыз», - деді К. Милева Назарбаев университетінде өткен SDSN конференциясында.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылым қоры» АҚ «Horizon Europe» бағдарламасының ұлттық үйлестірушісі атанды.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

«Қазақстанның ғалымдары мен ғылыми ұйымдарына бағдарламаға қатысуға ешқандай шектеу жоқ. Кез келген адам құжаттарды тапсыра алады. Ғылым қоры өз тарапынан осы бағытта үлкен жұмыс жүргізуде. Алдыңғы жылы және биыл бізде бірқатар воркшоптар өтті. Бүгін де бағдарламаға қатысудың негізгі аспектілері түсіндіріледі: өтінімді қалай беру керек, қаржыландыру параметрлері, ерекшеліктері, ЕО-мен серіктестермен ынтымақтастық жайы талқыланады. Бұл қазақстандық зерттеушілер үшін орасан зор мүмкіндіктер ашады», - деді «Ғылым қоры» АҚ Басқарма төрағасы Камиль Ақатов.

Оның айтуынша, бірқатар отандық ғалым Horizon Europe бағдарламасына өтінім беріп үлгерді.

Айта кетейік, 13-14 мамыр күндері конференцияда Бельгия, Нидерланды, Германия, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның сарапшылары мен ғалымдары екі күн ішінде білім беру, қоғамдық денсаулық сақтау, энергетика, мемлекеттік басқару, үкіметтік емес сектор сияқты салаларда 2030 жылға дейінгі тұрақты даму саласындағы ұлттық және өңірлік деңгейдегі күн тәртібін орындау құралы ретінде локализациялау мәселесін талқылайды.