Қазақстандық ғалымдар хризотил-асбест қалдықтарын қайта өңдеу технологиясын әзірледі

АСТАНА. KAZINFORM - «Қазақстан Республикасы Минералдық шикізатты кешенді өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы» РМК ғалымдары «Қостанай минералдары» АҚ кәсіпорнымен бірлесіп хризотил-асбест қалдықтарын қайта өңдеу технологиясын әзірледі.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жоба «Ғылым қоры» АҚ-ның (№ 0253-17-МК «Хризотил-асбест техногендік шикізатынан бишофит өндіруді ұйымдастыру») гранттық қаржыландыруы арқылы ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобасы шеңберінде жүзеге асырылды.

Сонымен жобаны іске асыру барысында патенттелген тәжірибелік-өнеркәсіптік қондырғы іске қосылып, оны өндірісте қолдану фактісі тиісті актімен расталды. Әзірленген технология қосылған құны жоғары өнім алуға бағытталған.

Аталған шикізаттан бишофиттен (MgCl₂•6H₂O) бөлек, жоғары тазалықтағы синтетикалық карналлит (KCl•MgCl₂•6H₂O) алынды. Бұл өнім «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ-да магнийді электролиттік жолмен өндіру үшін маңызды шикізат саналады. Мұны кәсіпорын қазіргі уақытта шетелден сатып алады.

Осылайша, аталған технология өндіріске сәтті енгізілсе, еліміздің магний өнеркәсібі үшін импортқа тәуелділігін төмендету мүмкіндігі пайда болмақ.

Осыған дейін қазақстандық ғалымдардың кейінгі кезде ашқан жаңалықтары туралы материал жаияладық.