Қазақстандық ғалымдар Нобель сыйлығына таласатын жобаға 10 млн доллар іздеп жүр
АСТАНА. KAZINFORM – «Ядролық физика институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Саябек Сахиев Сенатта өткен кездесуде Нобель сыйлығына таласатын жобаға 10 млн доллар таппай отырғандарын мәлім етті.
- Біздегі ғылыми жобаларды қолдау тізбесінде MegaScience санатындағы жобалар мүлде жоқ. Осыны енгізсек... Әлемдік деңгейдегі алғашқы MegaScience жобасын ұсынғанымызға үш жылдан асып бара жатыр. Бұл – ультрасалқын нейтрондар көзін жасауға арналған жоба. Осы жоба арқылы кем дегенде екі Нобель сыйлығына татитын жаңалық ашуға болады. Бір жаңалығымыз Нобель сыйлығына сай екеніне сенімдіміз. Бірақ оған қажетті қондырғыны орнату үшін 15 млн доллар керек, - дейді ол.
Айтуынша, аталған қондырғы Қазақстанда орнатылса, кейін әлемдегі ең жетекші деген 15 жоғары оқу орнының ғалымдары сонда келіп эксперимент жасайды.
- Бірақ бізде ондай қаржы бөлуге негіз болатын MegaScience бағдарлама атымен жоқ. Әлемнің 27 елі мүше болып кіретін Біріккен зерттеулер ядролық институты 5 млн долларды беруге дайын отыр. Қалған 10 млн долларды бөлуге қолдау көрсетсеңіздер деген өтініш бар. Бар-жоғы 5 млрд теңгені бөлсе, айналдырған 3 жылдың ішінде әлемдік деңгейдегі үлкен жаңалық ашатын орталық құрар едік, - деді Саябек Сахиев.
Үш жылдық қаржыландыру деген аз. 5-10 жылдың көлемінде үздіксіз қаржыландырылатын бағдарлама керек. Өйткені бүгін 100 млн теңге тұратын қондырғы 2 жылдан кейін қанша тұратынын бір Құдай біледі.
Сондай-ақ, ол институттың АЭС қалдықтарын өңдейтін жобасын Түркия патенттеп алуы мүмкін екенін мәлім етті.