Қазақстандық ғалымдар сейсмикалық қауіпсіздікке арналған отандық технологияны сынап жатыр

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

АСТАНА.KAZINFORM - Сәтбаев университетінің ғалымдары ғимараттар мен инженерлік құрылыстардың сейсмикалық төзімділігін арттыруға бағытталған белсенді түрде басқарылатын виброплатформаны әзірледі.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, сейсмикалық қауіптілігі жоғары аймақтарда орналасқан қалалар үшін бұл жоба практикалық маңызға ие.

Ғылыми әзірлеме параллельді манипуляторларды белсенді сейсмикалық қорғау жүйелерінде қолдану қағидатына негізделген. Ұсынылып отырған технология жер сілкінісі кезінде автоматты түрде іске қосылып, құрылымға әсер ететін тербелістерді нақты уақыт режимінде анықтап, олардың әсерін динамикалық түрде өтейді.

Жоба жетекшісі, PhD, қауымдастырылған профессор Қуаныш Абжапаровтың айтуынша, «дәстүрлі пассивті сейсмикалық қорғау әдістерінен айырмашылығы – бұл жүйе сыртқы әсерлерге жедел жауап беріп, топырақ қозғалысын белсенді түрде теңестіруге мүмкіндік береді».

Жоба аясында виброплатформаның эксперименттік үлгісі әзірленіп, бірқатар сынақтан өткізілді. Зерттеу жұмыстарына «Автоматтандыру және робототехника» білім беру бағдарламасы бойынша білім алып жатқан магистранттар Ержан Жұмабекұлы мен Мақсат Амангелді белсенді түрде қатысады. Алынған нәтижелер әзірленген технологияның тиімділігін және оны тәжірибеде қолдану әлеуетінің жоғары екенін көрсетті.

- Қазіргі таңда жоба гранттық қаржыландыру конкурсына ұсынылған. Алдағы кезеңде жүйені ауқымды сынақтардан өткізу және оны тәжірибелік қолданысқа алғаш рет енгізу жоспарланып отыр, - делінген хабарламада.

Осыған дейін Ұлттық ғылым академиясы ғылыми-техникалық форсайт орталығын құруға міндеттелгені туралы хабарладық.