Қазақстандық ғалымдар суды улы заттардан тазартуға арналған сорбент әзірлеп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Сәтбаев университеті ғалымдары термиялық және қышқылдық әдіспен белсендірілген қазақстандық бентонит сазын күміс нанобөлшектері, иондық емес полимер және биополимер, атап айтқанда микрокристалды целлюлозамен үйлестіре отырып, жаңа композиттік материал шығаруды көздеп отыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті.
Алынған материал суды залалсыздандыру арқылы тазарта отырып, улы қоспалар мен микроорганизмдерді жоюға қабілетті.
– Біз ірі өнеркәсіп орталықтарындағы қалдық суды тазалауға және шалғай ауылдық аймақтарды таза сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін қолжетімді және экологиялық таза өнім алу арқылы жалпы тұщы су мәселесін шешуге ұмтыламыз. Қазірдің өзінде біздің материалдар өндірістік қалдық судағы ауыр металл иондарының 70 пайызын бөліп алуға тиімді болып отыр, – деді жоба жетекшісі, PhD докторы Мадияр Бейсебеков.
Жоба аясында Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарының ағынды суына зерттеу жүргізілді. Ол жұмыстар Сәтбаев университеті мен «Композиттік материалдар ғылыми орталығы» ЖШС-нің базаларында жүзеге асырылады. Нәтижесінде полимер-сазды композиттерді алудың оңтайлы шарттарын анықтауға және олардың тиімділігін зертханалық жағдайда тексеруге мүмкіндік туды.
– Екі жарым жыл бойы біз ағын суға мониторинг жүргіздік, жергілікті бентонит сазы негізінде полимер-композиттік материалдар жасап, оларды сынақтан өткіздік. Зерттеу нәтижесінде алынған материалдар судағы улы қоспаларды бөліп алу үшін жоғары сорбциялық потенциалға ие екендігі расталды, – дейді жобаның ғылыми кеңесшісі, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Сана Қабдрахманова.
Жоба мемлекеттік бастамаларды, атап айтқанда «Ауыз су» бағдарламасы (2001-2030) және 2025 жылға дейінгі «Су ресурстарын басқару жөніндегі ұлттық жобаны» жүзеге асыруды қолдайды. Бұл зерттеу нәтижелері елімізде тұщы су қорының шектеулі жағдайында және күннен күнге қордаланған экологиялық өзекті мәселелер үшін қалдық суды тазалау мен ауыз су қауіпсіздігін арттыруда шешуші рөл атқаратыны сөзсіз.
Бұған дейін хабарланғандай, ғалымдар атмосфералық ауадан су өндіретін жаңа құрылғы жасап шығарды.