Қазақстандық ғалымдардың халықаралық ғылыми базаларға қолжетімділігі артады

АСТАНА.KAZINFORM - Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек KAIST-тің құрметті профессоры, Elsevier директорлар кеңесінің төрағасы және RELX Group компаниясының корпоративтік мәселелер жөніндегі директоры Ёнсук Чимен кездесті.

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында тараптар ғылыми инфрақұрылымды нығайту, қазақстандық ғалымдардың халықаралық ғылыми-талдамалық деректер базаларына қолжетімділігін кеңейту, сондай-ақ стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.

Министр Қазақстанның халықаралық білім беру орталығы ретіндегі ұстанымын нығайтуға және шетелдік студенттерді тартуға бағытталған жүзеге асырылып жатқан бастамалар туралы ақпарат берді. Сонымен қатар білім беру, ғылым және басқару салаларына жасанды интеллект технологияларын дамыту және енгізу мақсатында әлемнің жетекші технологиялық компанияларымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды.

Кездесу барысында Алатау қаласында жаңа буын инженерлері мен зерттеушілерін даярлайтын KAIST Kazakhstan – Кореяның алдыңғы қатарлы ғылым және технологиялар институты филиалын ашу жобасына ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ делегация еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының қызметімен танысып, Nazarbayev University, сондай-ақ Cardiff University және Coventry University Қазақстандағы филиалдарында болды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ғылым мен жоғары білімді цифрлық трансформациялау бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады. Оған қоса ғылыми зерттеулердің сапасын арттыруға, инновациялық шешімдерді енгізуге және озық халықаралық тәжірибені қолдануға бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін білдірді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында ғылым саласын дамытуға баса назар аудару керектігін айтқан болатын.