Қазақстандық қандай тауарлар шетелдік баламаларынан арзанырақ

АСТАНА. KAZINFORM — Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкіметте өткен брифингте қазақстандық тауарлардың импорттық өнімдермен қандай артықшылықтардың арқасында бәсекеге түсетіні туралы айтты.

Фото: primeminister.kz

Оның айтуынша, бірқатар тауар түрлері бойынша қазақстандық өнімдердің бағасы бәсекеге қабілетті болып қала береді. Бұл Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердің өнімдерімен салыстырғанда да байқалады.

— Бағаларды салыстыратын болсақ, біз әрдайым бірқатар тауар бойынша еліміздегі бағаның, тіпті ЕАЭО-дағы әріптестеріміздің бағасымен салыстырғанда да, жеткілікті деңгейде бәсекеге қабілетті екенін атап өтеміз. Кейбір тауарлардың бағасы шынында да өзгешелеу, кейде жоғары болуы мүмкін. Мысалы, қағаз және сабын өнімдерінің бағасы басқа өндірушілердің бағаларымен шамалас, — деді спикер Үкіметтегі брифинг барысында.

Министрдің айтуынша, баға айырмашылығының негізгі себептерінің бірі өндіріс көлемі.

— Ірі өндіріс орындарымен бәсекелесу кез келген өндіруші үшін оңай емес. Сондықтан басты назар өнімнің бірегейлігі мен сапасына аударылады. Тағы да атап өткім келеді, көп жағдайда Made in Kazakhstan белгісі, әсіресе азық-түлік өнімдерінде, табиғи өнімді білдіреді. Құрамында май алмастырғыштар немесе рапс майлары қолданылмайтын, экологиялық таза өнім деген сөз. Сондықтан біз тұтынушылар ретінде экономикалық патриотизмімізді танытып, отандық тауарларды сатып алуымыз керек, — деді министр.

Шаққалиев сондай-ақ шетелдік брендтерге қарағанда арзанырақ саналатын отандық киім брендтері бар екенін айтып, мысал ретінде ерлер мен балалар киімін шығаратын жергілікті брендтердің өнімдерін келтіріп, олардың бағасы түркиялық баламалармен шамалас екенін атап өтті.

— Мектеп формасын алайық. Әрине, қытайлық баламалары бар. Бірақ мәселе олардың құрамында полиэстер сияқты жасанды талшықтардың қолданылуында ма, әлде табиғи мақтадан тігілгенінде ме осының өзі өте маңызды, — деп түсіндірді министр.

Бұған дейін Made in Kazakhstan брендіне бюджеттен қаржы бөлінбегенін жазғанбыз.