АСТАНА. KAZINFORM — Испанияның Ла-Корунья қаласында өтіп жатқан А сериясы санатындағы жарыста қазақстандық каратэші Дінмұхаммед Айдарбек алтыннан алқа тақты.
Қазақстан каратэ федерациясынан мәлім еткеніндей, Дінмұхаммед кумите бағдарламасында 60 келіге дейінгі салмақта үздік шықты. Қазақстандық спортшы финалда түрік каратэшісі Мерт Халичті ұтты.
Алма-кезек шабуылмен өткен жекпе-жек 5:2 есебімен аяқталды. Бұл салмақта қос қоланы Португалия спортшылары жеңіп алды.
Дінмұхаммед Айдарбек жарыстың топтық кезеңінде Италия, Франция және Португалия өкілінен басым түсті. Ал плей-офф сатысында Сауд Әл-башерден (Сауд Арабиясы), жартылай финалда Флориан Обитцтен (Германия) айласын асырды.
Осы салмақта татамиге шыққан қалған қазақстандықтар топтан шыға алмады.
Бүгін Ла-Коруньядағы бәсекеде соңғы жүлделер сарапқа салынады. Биыл аталған додада 85 мемлекеттен 1290 спортшы тіркелді. Бұл – А сериясындағы турнир үшін рекорды көрсеткіш.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық үш каратэшінің әлемдік рейтингіде көш бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).