eFootball Mobile-дан ұлттық құрама Еуропаның үздік сегіз командасының қатарына еніп, енді Португалияда өтетін құрлық чемпионатында ел намысын қорғайды.
Бұл туралы ұлттық құрама ойыншысы Жансерік Мейрамбек пен бас бапкер Нұрдәулет Хамитов Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында айтты.
Турнирді сәтті бастаған Жансерік Мейрамбектың айтуынша, Еуропаның үздік құрамаларымен бір деңгейде өнер көрсету – үлкен тәжірибе әрі жауапкершілік.
– Сөзбен айтып жеткізу қиын. Алғашында қобалжыдық, тіпті сенбедік. Себебі Украина мен Түркия сияқты мықты құрамалармен бір топқа түстік. Соған қарамастан еліміздің намысын абыроймен қорғауға бар күшімізді салдық, - деді ол.
Оның сөзінше, турнирдегі ең мықты қарсыластардың бірі – Грузия құрамасы.
– Турнирдегі ең мықты құрамалардың бірі – Грузия командасы. Олар бұл бағытта 2-3 жылдан бері тұрақты ойнап келеді. Жартылай финалда солармен кездесіп, 3:1 есебімен есе жібердік. Дайындықтары өте жоғары екені бірден байқалды. Бірақ біз де тәжірибе жинап келеміз. Алдағы уақытта олармен тең дәрежеде ойнайтын деңгейге жетеміз деп сенемін , – деді спортшы.
Ұлттық құрама сапына ойыншылар бірден қабылданбаған. Алдымен еліміздің әр өңірінен жиналған үздік командалар арасында іріктеу турнирі өткен. Оған 20 команда қатысып, Жансерік пен Нұрсұлтан жеңімпаз атанған.
– Іріктеу кезеңі туралы әлеуметтік желіден білдік. Жалпы 20 команда қатысты. Алғашқы ойындарда сәтсіздікке ұшырап, ұлттық құрама сапына өте алмаймыз ба деген ой болды. Бірақ жігерімізді жинап, қайта күш салдық. Нәтижесінде барлық қарсыласты жеңіп, жолдама алдық. Қазақстандағы командалардың деңгейі өте жоғары – деді ол.
Іріктеуден кейін ұлттық құрама Еуропа чемпионатына дайындықты бастаған. Ойыншылар күніне 5-6 сағаттан телефон арқылы жаттығып, тактикаларын жетілдіріп жүр.
– Жарысқа бір-екі апта қалғанда жақсы интернеті бар жерде жиналып, бірлесіп дайындалдық. Тактикаларды пысықтап, стандартты жағдайларды, айып соққыларын және ойынның басқа да элементтерін қайталаймыз. Жәй күндері 2-3 сағат жаттықсақ, турнир қарсаңында дайындық 5-6 сағатқа дейін жалғасады. Бұл ойында психологиялық дайындықтың маңызы өте зор. Себебі жарыс кезінде толқу көп болады – деді Жансерік Мейрамбек.
Ол киберспортпен 2021 жылдан бері айналысады екен. Оның пікірінше, Қазақстанда бұл салаға қызығатын жастар көп. Алайда жетістікке жетудің басты шарты – тәртіп.
– Киберспорт – спорттың бір түрі. Мұнда да ең бастысы – тәртіп. Уақытылы ұйықтап, күн тәртібін сақтау қажет. Бұрын ата-анам киберспортқа күмәнмен қарайтын. Бірақ соңғы жетістіктерімізден кейін бұл саланың да үлкен спорт екенін түсінді. Мен өткен жылы жеке ойыншылар арасындағы жарыстарға қатысып, кейін ұлттық құрама сапына шақырту алдым. Біз Mobile Football, яғни телефон арқылы ойналатын футболда бақ сынаймыз , – деді ол.
Бағдарлама барысында ұлттық құраманың бас бапкері Нұрдәулет Хамитов та команданың әлеуетіне жоғары баға берді.
– Жігіттердің ойыны көңілімнен шықты. Олар бұдан да жоғары нәтижеге жете алады. Тіпті Грузия секілді мықты құрамаларды да жеңуге әлеуеті жетеді. Ол үшін физикалық және психологиялық дайындықты қатар күшейту қажет. Бірнеше оқу-жаттығу жиынынан кейін бұдан да биік белестерді бағындырамыз деп сенемін , – деді бас бапкер.
Киберспорттан ұлттық құраманың келесі маңызды ойыны – Португалияда өтетін Еуропа чемпионаты. Егер команда бұл жарыста сәтті өнер көрсетсе, әлем чемпионатына жолдама алады. Қазір ұлттық құрама құрлық додасына дайындықты жалғастырып жатыр.
Айта кетейік, Қазақстандық киберспортшы Данил Голубенко HLTV.org порталының таңдауы бойынша 2025 жылдың үздік дебютанты атанды.