Қазақстандық кинорежиссер Ереванда әлемдік киноға қосқан үлесі үшін марапатталды

Фото: Armenpress.am

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық режиссер Әділхан Ержанов Ереван Халықаралық «Алтын абрикос» кинофестивалінде «Шебер» сыйлығы жеңіп алды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Фестивальдің көркемдік жетекшісі Карен Аветисянның айтуынша, марапат кино өнеріне қосқан елеулі үлесі үшін берілді. Ол сонымен қатар Әділхан Ержановпен одан әрі де бірлесіп еңбек етуден үміттенетінін жеткізді.

Әділхан Ержанов — Канн кинофестивалінің ресми бағдарламасына екі рет қатысқан режиссер. 2014 жылы оның «Иелер» фильмі негізгі бағдарламаға, ал 2018 жылы «Әлемнің мейірімсіз бейжайлығы» фильмі «Ерекше көзқарас» секциясына енген. 2019 жылы Ержанов Asia Pacific Screen Awards беделді сыйлығында «Режиссурадағы жетістігі» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Бұл марапат оған «Қап-қара адам» фильмі үшін берілді. Сондай-ақ, ол Еуропалық киноакадемия мен Asia Pacific Screen Awards академиясының мүшесі болып табылады.

Осыған дейін Kazinfrom агенттігінің тілшісі Мәдибек Жәнібеков танымал халықаралық «Өзбекстанның алтын қаламы» сыйлығын жеңіп алды.