Қазақстандық клубтар футзалдан Чемпиондар лигасы элиталық кезеңін бастайды

Фото: «Қайрат» футзал клубы

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Семей» мен «Қайрат» командалары UEFA Чемпиондар лигасы элиталық кезеңіндегі алғашқы ойындарын өткізеді.

Семейлік команда өз алаңында 19:50-де Польшаның «Пяст» клубын қабылдаса, алматылық футболшылар сырт алаңда Бельгияның «Андерлехт» клубымен шеберлік байқасады.

Бұл турнирдің негізгі кезеңінде үшінші топта сынға түскен семейлік команда Чехияның «Хрудимін» 9:5 есебімен жеңсе, франциялық «Этуальға» 3:4, испаниялық «Пальмаға» 4:7 есебімен есе жіберіп қойды.

Ал алматылық «Қайрат» клубы төртінші топта Косовоның «Приштина» командасын 4:1, хорватиялық «Ново Вриемені» 3:2 есебімен тізе бүктірсе, Португалияның «Спортингтен» 2:7 есебімен жеңіліп қалды.

Ойындар «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Бмыл футзалдан Чемпиондар лигасының элиталық кезеңіне өзгерістер енгізілді.

Жарыстың аталған сатысында 16 команда сегіз жұпқа бөлінеді. Командалар өз алаңында және сырт алаңда бір-бір кездесуден өткізеді. Бұл ойындар 2025 жылдың 24 қараша-6 желтоқсан аралығына белгіленген.

Одан кейін 2026 жылдың 23 ақпаны мен 6 наурызы аралығында командалар сол ереже бойынша ширек финалда сынға түседі.

Финал 2026 жылдың мамыр айында Италияның Песаро қаласында өтеді. Онда төрт команда шеберлік байқасады. Алдымен жартылай финал болса, одан кейін финал мен 3-орын үшін ойындар өткізіледі.