Қазақстандық клубтардың еурокубок ойындары екінші іріктеу кезеңіндегі қарсыластары анықталды

Фото: Фото: sports.kz

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық клубтардың 2024/2025 жылғы маусымдағы еурокубок ойындарының екінші іріктеу кезеңіндегі қарсыластары анықталды.

Бүгін, 19 маусымда Швейцарияның Ньон қаласында еурокубок ойындары екінші кезеңінің жеребесі тартылды.

Биыл еліміздің атынан шымкенттік «Ордабасы» Чемпиондар лигасында ойын көрсетсе, қостанайлық «Тобыл» мен елордалық «Астана» Еуропа лигасында бақ сынайды.

Ал «Ақтөбе» Конференция лигасында ел намысын қорғайды.

«Ордабасы» екінші іріктеу кезеңінде Кипрдің АПОЭЛ командасымен кездесуі мүмкін. Оған дейін бірінші іріктеу кезеңінде Молдованың «Петрокуб» клубын орта жолда қалдыруы тиіс.

Бірінші іріктеу кезеңі 9 және 16 шілде күндеріне белгіленсе, екінші іріктеу кезеңі 23/24 және 30/31 шілдеде ойналады.

Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңінде «Тобылға» Түркияның «Трабзонспор» командасы ықтимал қарсылас атанып отыр. Ойындар 25 шілде мен 1 тамызға белгіленген. Одан бұрын қостанайлық клуб 11 және 18 шілде күндері Словакияның «Ружомберок» команадасын жеңуі қажет.

Еурокубоктағы алғашқы ойынын екінші іріктеу кезеңінен бастайтын «Астана» «Торпедо» (Беларусь) мен «Милсами» (Молдова) жұбының жеңімпазымен ойнайды.

Биыл Конференция лигасында сынға түсетін «Ақтөбе» 11 және 18 шілдеде өтетін бірінші іріктеу кезеңінде Босния және Герцоговинаның «Сараево» клубын жеңсе, екінші іріктеу кезеңінде 25 шілде мен 1 тамызда Словакияның «Спартак Трнава» командасына қарсылас атанады.