АСТАНА. KAZINFORM – Тиранада (Албания) жастар арасында әйелдер күресінен өтіп жатқан әлем чемпионатында Лаура Ғаниқызы мен Алина Ертөстік қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алды.
Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, әлем чемпионатының жұбаныш белдесуінде Лаура Ғаниқызы (50 кг) тартысты бәсекеде словакиялық Кристина Басичті тізе бүктірді.
Ал Алина Ертөстік (76 кг) Еуропа чемпионы, украиналық балуан Мария Орлевичті жеңді.
Қос балуан енді қола жүлдеге таласады. Лаураның қарсыласы – жапониялық Уми Ито. Алина тағы бір жапон қызы Нодока Ямамотомен белдеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Қазақстан барысы-2024» турнирінің жеңімпаздары қанша сыйақы алатынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).