АСТАНА. KAZINFORM - Астанадағы World Boxing аясында өтіп жатқан әлем кубогында бақ сынаған қос қазақстандық боксшы Айдана Забынбекова (57 келі) мен Аида Әбікеева (65 келі) қола жүлдені қанағат тұтты.
Жартылай финалда Айдана Забынбекова үндістандық қарсыласы Жасмин Жасминге есе жіберді. Ал Аида Әбікеева Олимпиада чемпионы, түркиялық Бусиназ Сурменалиге 0:5 есебімен жеңіліп қалды.
Енді ел құрамасынан Надежда Рябец (75 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Ертуған Зейнуллинов (65 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) шаршы алаңға шығады.
Айта кетсек, қазірге дейін Алуа Балқыбекова (51 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Назым Қызайбай (48 келі), Виктория Графеева (60 келі), Наталья Богданова (70 келі), Санжар Тәшкенбай (50 келі), Бекзад Нұрдәулетов (85 келі) алтын жүлдені сарапқа салуға мүмкіндік алды.
Бұған дейін елордадағы World Boxing аясында өтіп жатқан әлем кубогында Бекзад Нұрдәулетовтің түркиялық боксшы Самет Эрсойды қапы қалдырғанын жазған едік.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.