Қазақстан теннисінің жас жұлдыздары Әмір Омарханов пен Асылжан Арыстанбекова жасөспірімдер арасында алдағы жылдың алғашқы «Үлкен дулыға» турнирі – Аустралия ашық чемпионатында ойнайды, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, сонымен қатар Даниал Рахматуллаев, Виталий Зацепин, Ілияс Маратұлы және Айя Нұпбай іріктеу сайыстарында бақ сынайды.
Жасөспірімдер арасында Аустралия біріншілігі 20-27 қаңтар аралығында өтеді.
Қарағанды теннис мектебінің түлегі Әмір Омарханов 16 жаста. Жасөспірімдердің әлемдік рейтингісінде 55-орында тұр. Ол ITF Juniors санатында өткен жарыстарда жекелей және жұптық сында бес реттен жеңімпаз атанды.
Алматы теннис мектебінің түлегі, 17 жастағы Асылжан Арыстанбекова рейтингіде 68-сатыда келеді. Ол ITF Juniors додаларында жекелей сында бір рет чемпион болды. Ал жұптық сында 13 титулға қол жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Мысырдағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).