Қазақстандық құтқарушылар қанша адамды аман алып қалды

АСТАНА. KAZINFORM – 19 қазан – Құтқарушылар күні. Кәсіби мерекеге орай агенттік тілшісі азаматтық қорғау саласындағы өзгерістерді саралап, мамандардың жұмысын зерделеді.

Фото: Kazinform / ЖИ

8 мыңнан астам адам құтқарылған

Еліміздің азаматтық қорғау саласында 29 мыңнан астам маман қызмет етеді. Олардың қатарында өрт сөндірушілер, сүңгуірлер, кинологтар, дәрігерлер мен психологтар бар. Әрқайсысының міндеті әртүрлі болғанымен, ортақ мақсаты – төтенше жағдайдың салдарын азайтып, адам өмірін сақтап қалу.

Жыл басынан бері құтқарушылар 70 мыңнан астам шақыртуға шығып, 8 мыңнан астам адамды құтқарған. Тағы 9 мыңнан астам адам қауіпті аймақтардан эвакуацияланып, 3 мыңға жуық зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетілген. Елімізде жыл сайын 18 мыңнан астам табиғи және техногендік төтенше жағдай тіркеледі. Оның шамамен 12 мыңы – өрт.

Мұндай жүктеме құтқарушылардан кәсіби дайындықты, жедел әрекет етуді және кез келген жағдайға әзір болуды талап етеді. Сондықтан салада мамандардың біліктілігін арттырумен қатар, техникалық мүмкіндіктерді жетілдіруге де басымдық беріліп отыр.

Жаңа техника мен міндеттер

Саладағы жаңару қауіптің алдын алу жүйелерін жетілдірумен қатар, техникалық жарақтандырудан да көрінеді. Қазір халыққа төтенше жағдай туралы жедел хабар беретін Mass Alert жүйесі енгізіліп жатыр. Мұндай жүйелер қауіп туралы ақпаратты уақытылы жеткізуге және тұрғындардың қажетті шараларды ертерек қабылдауына мүмкіндік береді. Техниканы жаңарту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізілуде.

– 2024–2026 жылдары Төтенше жағдайлар министрлігінің техника паркі 1 468 бірлік техникамен толықты. Оның 700-і – өрт сөндіру машиналары. Бұған қоса 45 өрт сөндіру депосы мен 16 құтқару бөлімшесі салынып, 350-ден астам нысан жаңғыртылып, жөндеуден өтті, – делінген ведомствоның ақпаратында.

Фото: ТЖМ

Жаңарту жұмыстары авиацияны да қамтыды. Министрлік алғаш рет ұшақтар мен басқа да әуе кемелерін сатып алып, паркін 13 заманауи әуе кемесімен толықтырды. Олар іздестіру-құтқару жұмыстарына, табиғи өрттерді сөндіруге, гуманитарлық жүктерді жеткізуге және науқастарды медициналық эвакуациялауға пайдаланылады. Сонымен қатар сейсмикалық бақылау жүйелері жаңартылып, өнеркәсіптік қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Техникалық мүмкіндіктердің артуымен бірге министрліктің міндеттері де кеңейді. Үкіметтің 2026 жылғы 18 тамыздағы қаулысымен шағын көлемді кемелердің қауіпсіз пайдаланылуын бақылау, құжаттарын тексеру және заң бұзушылықтардың алдын алу міндеттері қосылды. Ал Алматыда апатқа ұшыраған туристерге көмек көрсету «Барыс» республикалық құтқару қызметіне жүктелді. Бұл өзгерістер азаматтық қорғау саласының міндеттері төтенше жағдайдың салдарын жоюмен ғана шектелмейтінін көрсетеді.

Адам өміріне араша түсетін мамандар

Техниканың жаңаруы мен жаңа жүйелердің тиімділігі төтенше сәтте дұрыс шешім қабылдайтын мамандардың біліктілігіне де байланысты. Олардың бірі зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетсе, енді бірі жоғалған адамдарды іздейді. Ал көмекке шақырған азаматтардың қоңырауын диспетчерлер қабылдап, қажетті қызметтерді оқиға орнына бағыттайды. Осындай мамандардың әрқайсысы құтқару жұмыстарының өз міндетіне сай кезеңін атқарады.

Фото: ТЖМ

Астана қаласы бойынша Апаттар медицинасы орталығы филиалының фельдшері Еркебұлан Мырзабеков Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы табиғи өрт кезінде жауапты міндет атқарған. Өрт салдарын жою барысында қауіпті аймақтан 18 бала мен алты ересек адам, оның ішінде үш жүкті әйел эвакуацияланды. Ал Еркебұлан Қанай-1 қыстағына жіберіліп, иіс тиіп уланған бес адамға алғашқы медициналық көмек көрсетті.

Зардап шеккендер ауруханаға жатудан бас тартқан соң, фельдшер таңға дейін олардың жағдайын бақылап, тиісті қызметтерге ақпарат беріп отырған. Еңбегі үшін ол ведомстволық наградамен марапатталған.

Фото: ТЖМ

Ал жоғалған адамдарды іздеуде кинологтар мен олардың сенімді серіктері маңызды рөл атқарады. Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушы-кинологы Сергей Зиновьев кинология саласына 30 жылдан астам уақытын арнаған. Қазір ол кинологиялық бөлімшені басқарып, іздестіру иттерін дайындайды және жас мамандардың кәсіби шеберлігін арттыруға үлес қосады.

Сергейдің сенімді серігі – неміс овчаркасы Динка. Ол Михайлов су қоймасы маңында 13 жастағы баланы, сондай-ақ Сайрам ауданының Шапырашты ауылында жоғалған адамды іздеуге қатысқан. Жақында Динка республикалық сертификаттау сынақтарынан сәтті өтті. Қазақ және орыс тілдеріндегі командаларды түсінетін иттің дайындығы күнделікті жаттығулар мен жүйелі еңбектің нәтижесі. Іздестіру кезінде иттің дайындығы мен кинологтың оны дұрыс бағыттай білуі жұмыстың нәтижесіне тікелей әсер етеді.

Сергейдің кәсіби дайындығы кинологиямен шектелмейді. Ол халықаралық құтқару командасының мүшесі, сондай-ақ сүңгуір және альпинист ретінде де қызмет атқаратынын білдік.

Фото: ТЖМ

Құтқару жұмыстарының тағы бір маңызды кезеңі – шақыртуды қабылдап, тиісті қызметтерді оқиға орнына бағыттау. Бұл міндетті Астана қаласының Жоспарлау және жедел басқару орталығындағы Өрт сөндіру қызметімен байланыс жөніндегі орталық байланыс пунктінің диспетчері Айдана Ілиясова атқарады. Ол күн сайын азаматтардың қоңырауын қабылдап, оқиғаның мән-жайын анықтайды және қажетті ақпаратты тиісті қызметтерге жеткізеді. Мұндай жұмыста әр минуттың маңызы бар. Оқиға туралы нақты мәлімет алу құтқарушылардың әрекетін дұрыс ұйымдастыруға көмектеседі.

– Біз үшін әрбір қоңырау маңызды. Телефонның ар жағында көмекке мұқтаж адам тұр. Кейде бұл қоңырау оның соңғы қоңырауы болуы мүмкін. Сондықтан адамды сабырға шақыру, оған көмек міндетті түрде жететінін жеткізу қажет, – деді Айдана Ілиясова.

P.S. Құтқарушылардың жұмысы – адам өмірін сақтап, қиын сәтте көмекке келу. Олардың кәсібилігі мен жауапкершілігі төтенше жағдай кезінде талай адамның аман қалуына мүмкіндік беріп отыр.