Қазақстандық мамандар 2027 жылғы фристайлдан әлем чемпионатында төрешілік етеді

АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстандық мамандар Юлия Дегтева мен Ақмаржан Қалмырзаева Қытайдың Циньхуандао қаласында өткен халықаралық семинарда Халықаралық шаңғы спорты федерациясының (FIS) ең жоғары «А» санатындағы төрешілік біліктілігін сәтті растады.

Фото: ҚР Ұлттық шаңғы қауымдастығы

Аттестаттау қорытындысы бойынша Юлия Дегтева мен Ақмаржан Қалмырзаева 2027 жылы шаңғы фристайлы бойынша өтетін негізгі халықаралық жарыстарға төреші ретінде тағайындалды. Фристайл-могул және фристайл-акробатика бойынша FIS-тің міндетті төрешілер семинары 15-18 қыркүйек аралығында өтті.

Семинарға қатысу ірі халықаралық турнирлерде төрешілік етуге қойылатын міндетті талаптардың бірі саналады. Қазақстандық мамандар растаған «А» санаты FIS аясында фристайл бойынша ең жоғары деңгейдегі жарыстарға төрешілік етуге мүмкіндік береді.

Біліктілікті растағаннан кейін алғашқы ресми тағайындаулар белгілі болды. Ақмаржан Қалмырзаева Австрияда өтетін фристайлдан 2027 жылғы FIS ересектер арасындағы әлем чемпионатында шаңғы акробатикасы бойынша төрешілер құрамына кірді.

Ал Юлия Дегтева Швецияда өтетін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында могул жарыстарына төрешілік етуге ресми кандидат ретінде бекітілді.

Қазақстандық төрешілердің осындай жоғары деңгейде аттестаттаудан өтуі отандық фристайл мектебінің халықаралық аренадағы беделін көрсетеді.

Осыған дейін Қазақстан спортының аңызы, қысқы спорт түрлеріндегі ең беделді спортшылардың бірі, 33 жастағы Юлия Галышева спорттық мансабын аяқтағанын жариялаған болатын.