Қазақстандық дәрігерлер Нөкіс қаласындағы Эндокринология орталығының жұмысымен танысты
АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағдарламасы және Өзбекстандағы Қазақстан медицинасы күндері аясында Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты мен Қарақалпақстанның Нүкіс қаласындағы Эндокринология орталығы қызметкерлерінің кездесуі өтті. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Кездесу барысында Ташкент қаласындағы академик Ё. Туракулов атындағы республикалық мамандандырылған ғылыми-тәжірибелік эндокринология медициналық орталығы мен оның Нүкіс қаласындағы филиалы арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Келісім қант диабеті мен эндокриндік ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алу саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ мекемелер арасындағы ғылыми және білім беру интеграциясын күшейтуге бағытталған.
— Қазақстандық мамандар Эндокринология орталығының жұмысымен танысып, диабетология мен эндокринология салаларындағы өзекті мәселелер бойынша семинарлар өткізді. Қазақстанда қант диабетімен ауыратын науқастарға көмек көрсету, инновациялық емдеу әдістерін енгізу, соның ішінде инсулиндік помпаларды пайдалану мен глюкоза деңгейін заманауи технологиялар арқылы бақылау тәжірибесі және жетістіктерімен бөлісті, — делінген ақпаратта.
Хирург Тимур Екібаев профессор, хирург Тельман Камаловпен бірлесіп операция жүргізді. Олар қант диабетінің асқынуы — диабеттік аяқ синдромын емдеудің жаңа әдістері мен ампутацияның алдын алу жолдарын талқылады.
Қалқанша без ауруларын ерте диагностикалау мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Интервенциялық хирург-радиолог Арман Ибраев Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-де қалқанша бездің қатерсіз түзілістеріне радиожиілікті абляция әдісін енгізу нәтижелері туралы айтып берді.
Осыған дейін Қазақстан медициналық туризмді дамытатыны туралы жаздық.