Қазақстандық мамандар Ресейдің озық құбыр технологияларымен танысты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық мамандар Батыс Сібірге іссапармен барып, құбыр тасымалы саласындағы озық тәжірибені зерттеді.
«KMG PetroChem» және «ҚазТрансОйл» компаниялары ұйымдастырған бұл сапар Қазақстандағы полимер өндірісін дамыту жобаларын жүзеге асыру аясында өтті.
«KMG PetroChem» ЖШС басқарма төрағасы Игорь Ильин компанияның қазіргі уақытта KPI полипропилен өндірісі мен «Силлено» полиэтилен кешеніне дейін магистральдық құбыр салу жобасын қолға алып жатқанын атап өтті.
— Біз құбыр желісін салудың жобалау кезеңіндеміз. Қазақстанда дәл осындай инфрақұрылым әзірге жоқ. Сондықтан стратегиялық серіктесіміз — СИБУР компаниясының тәжірибесін зерттеу біз үшін аса маңызды, — деді ол.
«ҚазТрансОйл» зерттеу және даму орталығының директоры Сәбит Арынов ресейлік тәжірибенің Қазақстан үшін пайдалы болатынын айтты.
— Біз мұнай құбырлары мен көмірсутектер тасымалдайтын құбырларды пайдалануда көптеген ұқсастықтарды байқадық. Ресейлік әріптестеріміздің тәжірибесі біздің жаңа жобаларымызды жүзеге асыруда үлкен көмек болады, — деді ол.
Сапар барысында қазақстандық мамандар Батыс Сібірдегі бірқатар ірі өндірістік нысандарды аралап, құбыр желілерін басқарудың заманауи жүйелерімен және цифрлық технологияларымен танысты. Алынған тәжірибе Қазақстандағы жаңа газ-химия жобаларын дамытуда қолданылмақ.
Айта кетейік, Қазақстанда қазіргі уақытта ірі газ-химия жобалары жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында Атырау облысындағы полипропилен өндірісі және «Силлено» полиэтилен кешені бар. Бұл жобалар еліміздің мұнай-газ химиясы саласын дамытуға бағытталған.