Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылар Батумидегі халықаралық додаға қатысады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық төрт мәнерлеп сырғанаушы Грузияның Батуми қаласында өтетін жасөспірімдер арасындағы Гран-при кезеңінде ел намысын қорғайды. Халықаралық конькишілер одағының (ISU) алдын ала тізіміне Қазақстаннан жекелей сырғанаудан екі спортшы және мұздағы биден бір жұп енді. Бұл туралы ҰОК жазды.

Фото: ҰОК

Халықаралық конькишілер одағы (ISU) мәнерлеп сырғанаудан Батумиде (Грузия) өтетін жасөспірімдер арасындағы Гран-при кезеңіне қатысушылардың алдын ала тізімін жариялады.

Қазақстан құрамасы жекелей сырғанауда және мұздағы биде сынға түседі.

Ерлер арасындағы жекелей сайыста Артур Смагулов өнер көрсетеді. Ал әйелдер арасында Мария Санникова бақ сынайды.

Ал мұздағы би бағдарламасында Ева Шелаева мен Иван Соловьев ел намысын қорғайды.

Айта кетейік, жарыс 24-26 қазан аралығында өтеді.

Бұған дейін қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылар Түркияда өтетін Гран-при сериясының төртінші кезеңіне қатысатынын жазған едік.