Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылар Түркияда өтетін Гран-при сериясының төртінші кезеңіне қатысады

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылар Түркияның Анкара қаласында өтетін жасөспірімдер арасындағы Гран-при сериясының төртінші кезеңіне қатысады, деп хабарлайды ҚР Ұлттық олимпиада комитеті.

Фото: Ұлттық олимпиадалық комитет

Жарыс 17-19 қыркүйек аралығында Ümitköy Ice Skating Complex мұз айдынында өтеді.

Қазақстан құрамасы төрт санаттың барлығында өнер көрсетеді.

Жасөспірімдер арасындағы сайыста Никита Козлов ел намысын қорғаса, қыздар арасындағы жекелей сында Сафия Абаева мұз айдынына шығады.

Жұптық сында Қазақстан атынан Василианна Шелестова мен Абай Садықов өнер көрсетеді. Ал мұздағы биде ел намысын Ева Шелаева мен Иван Соловьев қорғайды.

Айта кетейік, 2026/27 жылғы маусымда жасөспірімдер арасындағы Гран-при сериясы жеті кезеңнен тұрады.

Анкарадағы жарыстан кейін бәсекелер Грузияның Батуми, Словенияның Любляна және Польшаның Гданьск қалаларында жалғасады. Серияның финалы 10-13 желтоқсан аралығында Қытайдың Чунцин қаласында өтеді.

Осыған дейін Таиландтың Бангкок қаласында мәнерлеп сырғанаудан жасөспірімдер арасындағы Гран-при кезеңі аяқталғаны туралы жаздық.