Қазақстандық оқушылар халықаралық білім бәйгелерінде 1000-нан астам медаль жеңіп алды

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

АСТАНА.KAZINFORM – 2024-2025 оқу жылында қазақстандық оқушылар халықаралық білім додаларында орасан жетістікке қол жеткізді. Барлығы 1720 оқушы 35 халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауға қатысып, 1006 медаль иеленді. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев мәлім етті.

Комитет төрағасының айтуынша, жүлделердің жалпы санының ішінде 193 – алтын медаль, 349 – күміс медаль, 464 қола медаль бар.

Осылайша, әрбір екінші қатысушы елге кемінде бір жүлдемен оралған.

Сонымен қатар салыстырмалы түрде алғанда, 2024 жылы халықаралық олимпиадаларға 571 оқушы қатысып, 172 медаль жеңіп алған болатын. Ал биылғы нәтиже үш еседен астам өсімді көрсетіп отыр. 

– Қазақстандық оқушылар әлем бойынша ең беделді саналатын жеті олимпиадада 27 жүлде жеңіп алды. Атап айтқанда, оқушыларымыз 4 алтын, 13 күміс және 10 қола медаль еншіледі. Бұл – еліміздің білім беру жүйесінің дамып келе жатқанын көрсететін айқын дәлел, – деді Қаныбек Жұмашев.

Бұған дейін еуропалық олимпиадада қазақстандық оқушылар төрт жүлде иеленгенін жазғанбыз.