Қазақстандық оқушылар халықаралық жасанды интеллект олимпиадасында 4 жүлде алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан құрамасы жасанды интеллект бойынша өткен алғашқы Орталық Еуропа олимпиадасында — EUROAI 2026 жарысында табысты өнер көрсетіп, төрт медаль: бір алтын, екі күміс және бір қола жүлде иеленді.

Фото: Қазақстанның Спорттық бағдарламалау федерациясы

Қазақстанның Спорттық бағдарламалау федерациясы баспасөз қызметі мәліметінше, EUROAI — жыл сайын өтетін жасанды интеллект бойынша өңірлік олимпиада. Қатысушылар машиналық оқыту (ML), терең оқыту (DL), табиғи тілді өңдеу (NLP) және компьютерлік көру (CV) салаларындағы тапсырмаларды жеке орындайды.

Олимпиада 2026 жылғы 14-19 шілде аралығында Румынияның Клуж-Напока қаласындағы Бабеш-Бойяи университетінің базасында өтті. Қазақстан құрамасы Еуропаның ең мықты командаларымен қатар жарысқа онлайн форматта қатысты.

Олимпиада қорытындысы бойынша Әбу Қанабек алтын медаль жеңіп алды. Исламнур Хусаинов пен Даужан Бекетов күміс жүлдегер атанды. Сұлтанби Исатай қола медаль иеленді.

Екі жарыс күні бойы қатысушылар жасанды интеллект модельдерін нөлден әзірлеп, бағдарламалау, деректерді талдау және машиналық оқыту салаларындағы білімді талап ететін практикалық тапсырмаларды орындады. Олимпиада форматы оқушыларға техникалық дайындығын ғана емес, шектеулі уақыт жағдайында тиімді шешім таба білу қабілетін де көрсетуге мүмкіндік берді.

— Жас өрендеріміз EUROAI 2026 олимпиадасында табысты өнер көрсетіп, Қазақстанның жасанды интеллект пен спорттық бағдарламалау мектебі әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұндай жоғары нәтиже кездейсоқ емес — бұл жас таланттарды қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстың жемісі. Балаларымызды мақтан тұтамын! — деді Қазақстанның Спорттық бағдарламалау федерациясының басшысы Бағдат Мусин.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасының келесі халықаралық жарысы 2026 жылдың 2-8 тамыз аралығында Астанада өтетін Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада (IOAI) болмақ. Әлемдік додаға 110 елден 500-ге жуық оқушылар қатысады.

Бұған дейін қазақстандық оқушылар халықаралық экономика олимпиадасында бес медаль жеңіп алғаны белгілі болды.