Қазақстандық оқушылар Сочиде өткен олимпиадада 6 медаль иеленді

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Ресейдің Сочи қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы IJSO-2025 халықаралық жаратылыстану олимпиадасы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Білім додасына әлемнің 21 елінен 120-дан астам оқушы қатысып, физика, химия және биология пәндері бойынша өз білімдерін сынға салды.

Қазақстан құрамасы 6 оқушыдан және 3 жетекшіден тұрды. Олар жарыс қорытындысы бойынша 100% нәтиже көрсетіп, алты медаль жеңіп алды.

Күміс медаль иегерлері:

Ратмир Кутырев — Алматы қаласындағы РФММ 10-сынып оқушысы;

Даниил Перепелица — Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған № 8 лицей-мектебінің 9-сынып оқушысы;

Мухаммад Сыздықов — Жамбыл облыстық дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған Білім-инновация лицей-интернатының 10-сынып оқушысы.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Қола медаль иегерлері: 

Тимур Алпысбаев — Астана қаласындағы «NURORDA» мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы;

Ерасыл Дүйсенбеков — Абай облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған Білім-инновация лицейінің 10-сынып оқушысы;

Нұрсейіт Сейтқазиев — Ақтөбе облыстық дарынды жасөспірімдерге арналған мамандандырылған Білім-инновация лицей-интернатының 9-сынып оқушысы.

Бұдан бұрын жаратылыстану бағытындағы Ауыл олимпиадасында 200 оқушы жеңімпаз атанғанын жазған едік.