Қазақстандық оқушылар Түркияда ұлттық спортты паш етті

АСТАНА. KAZINFORM – Спортшы, рекордшы Темір Спатай мен «Бала Толағай» ұлттық спорт федерациясының қатысушылары Түркияға барып, қазақтың ұлттық спортын халықаралық деңгейде таныстырды.

Фото: видеодан скрин

Федерация өкілінің айтуынша, бастама – мектеп оқушылары арасында ұлттық спортты дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы. Бүгінде «Бала-Толағай» жобасына қатысушы балалардың қатары артып келеді.

Ыстанбұлда ұлттық ойындарымызды таныстырдық. Оның ішінде асық ату, садақ ату, бес асық секілді ойындар қамтылды. Қазақ спортын, қазақ балаларының өнерін тамашалауға келген жұрт залға сыймай қалды, – деді федерацияның президенті Шолпан Шаймарданқызы.

Сапар жас спортшылар үшін үлкен тәжірибе алаңына айналған.

– Түркиядағы қазақтар қатты қуанды. Басында қатты қобалжыдық, кейін ұлттық спортты насихаттауға барымызды салдық, – дейді қатысушы Меруерт Замалиева.

Сонымен қатар шара барысында оқушылар тек спорттық ойындармен шектелмей, ұлттық мәдениетті жан-жақты дәріптеуге де ерекше мән берген.

– Шарада өлең оқып, ұлттық код пен дәстүрімізді дәріптеуге атсалыстық, – дейді тағы бір қатысушы Өркен Жаңабай.

Федерация өкілінің айтуынша, мұндай халықаралық жобалар алдағы уақытта да жалғасын табады. Себебі жас ұрпақтың бойында ұлттық спортқа деген қызығушылық пен жанашырлықты қалыптастыру – басты міндеттердің бірі.

Еске салайық, Түркістан қаласында көкпардан әлем чемпионаты өтіп жатыр.