Ислам Байрамуков дау болған спорт колледжіне басшы болып тағайындалды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда орналасқан Республикалық спорт колледжінің директоры лауазымына Ислам Ілиясұлы Байрамуков тағайындалды.
Ислам Байрамуков – еркін күрестен еңбек сіңірген спорт шебері және Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері.
1971 жылы Жамбыл облысының Каменка ауылында дүниеге келген.
Республикалық олимпиада резерві училищесін (1989 жыл); Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтының «Дене шынықтыру мен спорт оқытушысы» мамандығын бітірген (1993 жыл).
«Штаттық ұлттық командалар мен спорттық резервтің дирекциясы» РМКК спортшы-нұсқаушысы (1993-2004 жж).
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Құқықтану» мамандығын (2003 жыл), Мәскеу әлеуметтік-гуманитарлық университетін (Қаржы және экономика) (2005 жыл) аяқтаған.
Еске салсақ, 2022 жылы Республикалық спорт колледжі жабылады деген шешімге Мәдениет және спорт министрлігі түсінік берген болатын.
Кейін сол кездегі Мәдениет және спорт министрі болған Дәурен Абаев РСК-ның жабылмайтынын айтқан.
Сонымен қатар, Республикалық спорт колледжі жанындағы мектеп-интернаттың қайта ашылғанын жазғанбыз.