АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық падел шеберлері Тимур Хабибулин – Евгений Данилов Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарын сәтті бастады.
Қазақстан падел федерациясынан мәлім еткеніндей, қазақстандық паделшілер алғашқы айналымда Қатар өкілдері Аль Кувари – Валиға тап келді.
Бірінші сетте қазақстандық жұп басымдылық танытты – 7:5. Екіншісінде катарлықтар есе қайырды – 6:3.
Үшінші, шешуші партияда қазақстандықтар тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:3).
Тимур Хабибулин мен Евгений Данилов екінші айналымда малайзиялықтар Чин – Айданнан өтуге тырысып көреді. Бұл матч 30 қыркүйекке белгіленген.
Басқа қазақстандық паделшілер жарысты аяқтады. Жақас Қозыбақ – Родион Пак, Әйгерім Сүлеймен – Татьяна Гиоргадзе, Мария Синицына – Альбина Хабибулина алғашқы айналымнан аса алмады.
Падел Азия ойындарының бағдарламасына биыл алғаш рет енгізілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын жазғы Азия ойындарында қазақстандық паделшілер бақ сынайтынын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).