АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық Милана Красавцева пара таеквондодан Париж-2024 Паралимпиада ойындарының лицензиясына ие болды.
Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығынан мәлім еткеніндей, Халықаралық паралимпиада комитетінің бипарт комиссиясының қорытындысы бойынша Милана пара таеквондодан К44 санатында 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынайтын болады.
Бұл – пара таеквондо бойынша төртінші жолдама. Бұдан бұрын К44 санатында 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде пара таеквондошымыз Нұрлан Домбаев, 80 келіде Нышан Өмірәлі және -57 келіде Кәмиля Досмалова Паралимпиада ойындарының лицензиясын алған болатын.
Айта кетейік, Қазақстан осымен спорттың 9 түрі бойынша 33 лицензияға қол жеткізді: пара пауэрлифтинг (5), пара жеңіл атлетика (4), пара жүзу (4), волейболды отырып ойнау (1), пара үстел теннисі (1), пара таеквондо (4), пара каноэ (2), пара оқ ату (2) және пара дзюдо (10).
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).