Қазақстандық пара таеквондошылар Париждегі Гран-при турнирінде екі медаль жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM — Францияның Париж қаласында тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында пара таеквондодан Paris 2026 World Para Taekwondo Grand Prix Series турнирінде қазақстандық спортшылар екі жүлдеге қол жеткізді.

Фото: «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Нұрлан Домбаев алтын медаль жеңіп алса, Жанболат Қазиев қола жүлдегер атанды.

80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Нұрлан Домбаев жарысты екінші айналымнан бастады. Алғашқы кездесуінде Ұлыбритания спортшысы Джозеф Лейнді 2:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.

Дәл осы салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Жанболат Қазиев бірінші белдесулерде Марокко спортшысы Рашид Исмаил Алауи пен бразиялық Кларо Лопес де Оливейраны жеңді.

Жартылай финалда қазақстандық екі спортшы — Нұрлан Домбаев пен Жанболат Қазиев кездесіп, Нұрлан Домбаев ақтық сынға өтті.

Финалдық кездесуде ол Бразилия спортшысы Кларо Лопес де Оливейраны 2:0 есебімен басым түсіп, даянг чемпионы атанды.

Осылайша, Қазақстан құрамасы Париждегі халықаралық додада бір алтын және бір қола медаль жеңіп алды.

Айта кетейік, пара таеквондодан Гран-при турниріне 18 елден 120-ға жуық спортшы қатысты.

Еске салайық, Азия Пара ойындарында ел намысын 12 спорт түрі бойынша 150 спортшы қорғайтынын жазған едік.