Қазақстандық полицейлер халықаралық киберқауіпсіздік жарысында топ жарды

АСТАНА. KAZINFORM - 19-21 мамыр аралығында Марокко Корольдігінің Марракеш қаласында Еуропа Кеңесі мен Интерполдың қолдауымен Cyber Games және Digital Security Challenge 2026 халықаралық жарыстары өтті, деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото: Polisia.kz

Іс-шараға әлемнің 58 мемлекетінен келген өкілдер қатысып, олар 16 халықаралық команда құрамына біріктірілді. Турнир киберқылмысқа қарсы іс-қимыл, цифрлық криминалистика, киберқақтығыстарға ден қою және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне арналды.

Фото: Polisia.kz

-Тартысты интеллектуалдық сайыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің үш қызметкері өнер көрсеткен команда айқын басымдықпен жеңіске жетті. Қатысушылар киберқауіптерді анықтау және олардың жолын кесу саласындағы кәсіби дайындықтарының жоғары деңгейін, аналитикалық қабілеттері мен тәжірибелік дағдыларын көрсетті,-делінген хабарламада.

Қазақстандық мамандардың бұл жеңісі цифрлық қауіпсіздік саласындағы отандық құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін дәлелдеп, киберқылмысқа қарсы күрестегі Қазақстанның халықаралық беделін нығайтты.

– Қызметкерлеріміздің бұл жетістігі – жай ғана жарыстағы жеңіс емес, бұл ұлттық киберқауіпсіздік мектебінің жоғары деңгейі мен қазақстандық мамандардың әлемдік аренадағы кәсібилігінің мойындалуы, - деп атап өтті ІІМ өкілдері.

Осыған дейін Қазақстанның киберқауіпсіздік көрсеткіші жақсарғаны туралы жаздық.