Қазақстандық препарат сүйек метастаздарын емдеуде тиімділігін көрсетті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда отандық ядролық медицинаның дамуы онкологиялық ауруларға шалдыққан науқастарды емдеудің жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр. ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының Ядролық медицина орталығында сүйек метастаздарын емдеуге арналған «Самарий-153 Sm Оксабифор» радиофармацевтикалық дәрілік препараты қолданылып келеді.

Фото: ҚР ПІБ Медицина орталығы

Аталған әдіс 2024 жылдың соңында енгізілген. Содан бері бұл емді 50-ден астам пациент қабылдаған. Мамандардың мәліметінше, терапия сүйек метастаздары бар науқастардағы ауырсыну синдромын азайтып, сүйек тініндегі ісік ошақтарының көлемін төмендетуге ықпал етеді.

«2024 жылдың соңында Орталықта сүйек метастаздарын 153Sm Самарий Оксабифор препаратының көмегімен радионуклидтік терапия арқылы емдеу әдісі сәтті енгізілді. Бүгінгі таңда бұл емді 50-ден астам пациент қабылдады. Клиникалық бақылау мен зерттеулер нәтижелері ауырсыну синдромының төмендеп, сүйек тініндегі метастаз ошақтары көлемінің азаюы сияқты оң өзгерістерді көрсетті. Бұл емдеу әдісінің тиімділігін, оның қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды емдеудегі маңызды рөлін және пациенттердің өмір сапасын жақсартуға қосатын үлесін айқын дәлелдейді», – деді Ядролық медицина орталығының басшысы Айгүл Сәдуақасова.

Мамандардың айтуынша, терапияның негізгі мақсаты – науқастың ауырсынуын жеңілдетіп, күнделікті белсенділігін сақтауға мүмкіндік беру. Қазіргі таңда әдістің тиімділігі клиникалық тәжірибеде де расталып отыр.

Терапия нәтижесін пациенттердің өздері де оң бағалауда.

«Қазір самарий препаратымен емнің үшінші курсынан өтіп жатырмын. Алғашқы курсқа келгенде тіреуішпен, кейін таяқпен жүрдім, ал үшінші курсқа ешқандай көмекші құралсыз, өз аяғыммен келдім. Менде сүт безінің қатерлі ісігі және сүйек пен омыртқада метастаздар бар. Қазақстанда осындай препараттың қолжетімді болғанын естігенде, кейін өкінбес үшін ем қабылдауға шешім қабылдадым. Қазір қатты ауырсынулардың басым бөлігі жоғалды», – дейді Ядролық медицина орталығының пациенті.

Дәрігерлердің сөзінше, радионуклидтік терапияны ісікке қарсы емдеудің басқа түрлерімен қатар қолдануға болады. Атап айтқанда, ол химиотерапиямен, таргеттік, гормондық және иммундық емдеу тәсілдерімен бірге жүргізіледі.

Сонымен қатар бұл әдіс ұзақ оңалтуды қажет етпейді және ауыр жанама әсерлердің аз болуымен ерекшеленеді.

Мамандар соңғы бір жылда жинақталған тәжірибе радионуклидтік терапияның негізгі емді толықтырып қана қоймай, пациенттердің өмір сапасын жақсартуға елеулі үлес қосатынын көрсеткенін атап өтті.

Айта кетейік, дәрілік заттарды ұтымды басқарудың есебінен 3,5 млрд теңге үнемделді.