Оның айтуынша, команда үшін ең әсерлі сәттердің бірі LGD.Pinghu командасын жеңген сәті.
– LGD.Pinghu біз үшін ең мықты қарсыластардың бірі еді. Сол жеңістен кейін бүкіл командада алға ұмтылып, жеңісті жалғастыруға деген үлкен сенім пайда болды. Алайда Yakult Brothers-пен өткен кездесуден кейін жағдай өзгерді. Ол матч бізге психологиялық тұрғыда әсер етіп, кейінгі ойындарға тың күйде шыға алмадық, – деді Әлім Беспаев.
Ол өзінің халықаралық деңгейдегі алғашқы ірі турнирі болғанын айтып, жарыс үлкен тәжірибе сыйлағанын жеткізді. Сонымен қатар ол жеңілістің негізгі себебі ретінде қарсыластың қысымы емес, дайындықтың жеткіліксіз болғанын атап өтті.
– Команда ішінде қысым болған жоқ, көңіл күй жақсы болды. Бірақ бізге тәртіп пен дайындық жетіспеді. Кейіпкерлерді таңдау мүмкіндігіміз де шектеулі болды. Сондықтан жеңілістің басты себебі осы деп ойлаймын, – деді ойыншы.
Қола жүлде үшін өткен серияда Team Resilience қазақстандық Rune Eaters командасын екі матчтың қорытындысы бойынша 2:0 есебімен жеңіп, үшінші орынды иеленді.
Еске сала кетейік, қазіргі уақытта Астанада «Болашақ ойындары — 2026» халықаралық турнирі жалғасып жатыр. Байрақты бәсеке аясында Dota 2, Counter-Strike 2, Phygital Shooter, Phygital Basketball және өзге де фиджитал бағыттар бойынша жарыстар өтіп келеді.