Қазақстандық Сергей Емельянов пен Бекарыс Раматулла Олимпиаданы аяқтады

Фото: Фото: Владислав Семенов / ҰОК

ПАРИЖ. KAZINFORM – Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында байдаркада ескек есуден 1000 метр қашықтықтағы ширек финалдық бәсекелер аяқталды. 

Аталған сында жарысқа түскен отандасымыз Сергей Емельянов өз тобында 3:59.68 уақыт нәтижесін көрсетіп, 3-орынға тұрақтады. Ал жартылай финалға тек үздік 2 спортшы ғана жолдама алды.

Сонымен қатар каноэде ескек есуден 1000 метрде сынға түскен Бекарыс Раматулла да ширек финалда 5-орын алып (уақыт көрсеткіш — 3:45.77), жартылай финалға шыға алмады.

Осылайша екі спортшымыз да Олимпиада ойындарын жүлдесіз аяқтады.

Бүгін қазақстандық спортшылар спорттың бес түрінен сынға түсуде. Нақтырақ айтсақ, байдарка мен каноэде есу, грек-рим күресі, бокс, таэквондо және тректегі велоспорттан спортшыларымыз ел намысын қорғауда.

Қазір Қазақстан қоржынында Париж Олимпиадасының 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медалі бар.