Қазақстандық шахматшылар жасөспірімдер арасындағы чемпионатта бес алтын медаль жеңіп алды

Фото: Kazchess

АСТАНА. KAZINFORM — Таиланд астанасы Бангкокта шахматтан 27-ші жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты аяқталды. 

Бағдарламаның үш түрі — классика, рапид және блиц бойынша жас қазақстандықтар 11 медаль жеңіп алды, оның бесеуі алтын. Милана Филиппова (G10) және Мария Холявко (G14) — классикада, Әміржан Әнетов (O10) — рапидте, Әлішер Әбдісаттар (O14) және Әсия Асылхан (G16) — блицте Азия-2025 чемпиондары атанды. 

Фото: Kazchess

2025 жылғы 21–29 қараша аралығында Таиланд астанасы Бангкокта 33 ел мен аумақтан келген шамамен 700 қатысушының басын қосқан шахматтан 27-ші жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты өтті.

— Алғашқы күні 15+5 уақыт бақылауымен 7 турлық «швейцар» жүйесінде өткен рапидте жүлделер сарапқа салынды (O10 санатында Азия чемпионы Әміржан Әнетов атанды, қола медаль оның құрдасы Алихан Назарбекке бұйырды). Осыдан кейін жас шахматшылар бағдарламаның екінші бөлігі — 90+30 уақыт бақылауымен өтетін 9 турлық классикаға көшті. Мұнда қазақстандықтар 5 медаль жеңіп алды. Азия чемпиондары — Милана Филиппова (G10) және Мария Холявко (G14), ал қола медаль иегерлері — Ризат Ұлан (O10), Әдия Жеңіс (G12) және Ясмина Алеманова (G16), — делінген хабарламада.

Фото: Kazchess

Классиканың соңғы туры аяқтала салысымен, бағдарламаның үшінші түрі — 3+2 уақыт бақылауымен өтетін блицтің 9 туры басталды. Біреулер үшін бұл өз әмбебаптығын тағы бір мәрте дәлелдеу мүмкіндігі болса, енді біреу үшін алдыңғы кезеңдердегі сәтсіздіктерді түзетуге арналған соңғы мүмкіндік болды.

Фото: Kazchess

Қазақстандық жеңімпаздар мен жүлдегерлер барлығы осы мүмкіндікті толық пайдаланды. Азия чемпиондары атанғандар — астаналық Әлішер Әбдісаттар (O14) және Түркістан облысынан Әсия Асылхан (G16), күміс медальды павлодарлық Асман Баянтас (O18) жеңіп алды, ал қола медаль астаналық Әлімжан Жауынбайға (O12) бұйырды.

Фото: Kazchess

Айта кетелік Мемлекет басшысы әлем біріншіліктерінде топ жарған жас шахматшылармен кездескен еді