Бірлескен оқу-жаттығу жиындары Қытайдың Харбин қаласында Азиядағы қысқы спорт түрлерін дамыту және жас спортшыларды қолдау бағдарламасы аясында өтеді. Жаттығулар алдағы жылдардағы ірі халықаралық жарыстарға, соның ішінде 2028 жылы Италияда өтетін қысқы жасөспірімдер Олимпиадасына, 2029 жылғы Алматыдағы қысқы Азия ойындарына және 2030 жылы Франция Альпілерінде өтетін қысқы Олимпиада ойындарына дайындыққа бағытталған.
Шорт-трек бойынша оқу-жаттығу жиыны 19-27 шілде аралығында өтеді. Қазақстан атынан бапкер Ғалым Хасанов пен спортшылар Ян Кутовой және Бекнұр Уразбеков қатысады.
Ал 27 шілде мен 4 тамыз аралығында мәнерлеп сырғанау бойынша оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылады. Бұл жиында еліміздің намысын бапкер Александра Брежнева, сондай-ақ, мәнерлеп сырғанаушылар Карина Шеина мен Аделя Тулешова қорғайды.
Оқу-жаттығу жиындары барысында қатысушылар ISU мамандарының жетекшілігімен техникалық шеберлікті жетілдіруге бағытталған қарқынды дайындықтан өтеді.
Айта кетейік, оқу-жаттығу жиындарына қатысушылардың кандидатураларын ұлттық спорт федерациялары ұсынып, ұйымдастырушылардың талаптарына сәйкес Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті арқылы ресми түрде жолдады.
Астана 2027 жылы мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионатын қабылдайтынын жазған едік.