Қазақстандық Silk Way телеарнасы мен қытайлық CGTN ШЫҰ саммиті мен екіжақты ынтымақтастықты талқылады

АСТАНА. KAZINFORM – «Silk Way» телеарнасы мен қытайлық CGTN жаһандық телевизиялық желісі ток-шоу өткізіп, жүргізушілер сарапшылармен бірге Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ ШЫҰ саммитінің күн тәртібін талқылады.

Фото: Silk Way

Ток-шоудың қонақтары АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай, «KazakhTourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов, Назарбаев университетінің профессоры Цзян Донг және Тегеран университетінің профессоры Мохаммад Маранди болды. Жобаны журналист Айнұр Иманғалимен бірге Қытайдың танымал журналисі Тянь Вэй жүргізді.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) туралы

Қайрат Сарыбай ШЫҰ-ның ұйымға мүше барлық мемлекеттердегі қауіпсіздікті, тұрақтылықты және тұрақты дамуды ілгерілетудегі бірегей рөлін ерекше атап өтті. Ол ШЫҰ-ның сенімді нығайтудағы, әсіресе, әскери саладағы жетістіктерін тілге тиек етті.

Сондай-ақ, АӨСШК Бас хатшысы ұйымға мүше мемлекеттер тарихи сын-қатерлерді ынтымақтастық мүмкіндіктеріне айналдыра отырып, аумақтық дауларды сәтті шешкенін атап өтті. Бұл сенім негізі ШЫҰ-ның назарын қауіпсіздік мәселелерінен экономика, сауда, мәдениет және технология сияқты басқа салаларға кеңейтуге мүмкіндік берді.

Тегеран университетінің профессоры Мохаммад Маранди ШЫҰ-ға мүше елдердің ынтымақтастығы нығая түскен сайын болашақта Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан да өз ұстанымдарын нығайтып, оның халықаралық аренадағы рөлі бұрынғыдан да арта түседі деп есептейді.

«Бір белдеу, бір жол» бастамасы туралы

«Бір белдеу, бір жол» бастамасының трансформациялық әсері талқылаудың негізгі тақырыптарының біріне айналды.

Қайрат Сарыбай «Бір белдеу, бір жол», «Транскаспий халықаралық көлік жолы» сияқты жобалар және байланысты жақсартуға бағытталған басқа да бастамалар бұрын теңізге шыға алмайтын аймақтарды құрлықпен байланысқан хабтарға тиімді түрде айналдырып, экономикалық даму мен саяси тұрақтылыққа ықпал еткенін атап өтті.

Қайрат Сарыбай «Бір белдеу, бір жол» бастамасының прагматикалық және ерікті сипатына тоқталды. Оның пікірінше, бұл оны қатысушы елдер үшін тартымды етеді. Ол ерікті қатысу принципі маңызды екенін атап өтті, өйткені елдер қатысуға мәжбүр емес, оны өз мүдделеріне сүйене отырып жасайды.

АӨСШК Бас хатшысы сондай-ақ бастамаға қатысудың екі жаққа да тиімді екенін атап өтіп, Қазақстан мен Қытай осы жоба арқылы тиімді әріптестік орнатқанын айтты.

«Демек, Қазақстан мен Қытай бірін-бірі осылай тапты. Менің ойымша, Қазақстан болмағанда Қытай өзінің жаһандық мегажобасын мұндай деңгейде ілгерілете алмас еді. Керісінше, Қазақстанға шығысқа қосылу арқылы әлемдік нарықтармен байланыс қажет болды. Демек, өзара мүдде мен тең серіктестікке негізделген прагматикалық тәсілдер көп», – деді Қайрат Сарыбай.

Назарбаев Университетінің профессоры Цзян Донг Қазақстанның Еуразиядағы стратегиялық жағдайына тоқталып, жарқын жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін үздік мемлекетке теңеді.

Ол Қазақстанның өз әлеуетін толық іске асыру үшін Транскаспий халықаралық көлік бағыты, Қорғас және Батыс Еуропа-Батыс Қытай транзиттік дәлізі сияқты негізгі бастамалардың маңызды екенін айтты.

Туризм және визасыз келісімдер туралы

Профессор Донг екі ел арасындағы өзара визасыз келісімдер адамдар арасындағы байланыс пен туризмді одан әрі дамытуға септігін тигізгенін, бұл Қазақстанның экономикалық тұрақтылығы мен әртараптандыруына ықпал ететінін атап өтті.

«Kazakh Tourism» басқарма төрағасы Қайрат Сәдуақасов қарқынды дамып келе жатқан туризм саласы туралы өз пікірімен бөлісті. Ол визасыз режимнің енгізілуіне және Қытайда Қазақстанның туризм жылының жариялануына байланысты қытайлық туристер санының айтарлықтай артқанын атап өтті. Бұл өзара визасыз саясат 2023 жылы қытайлық туристер санын он екі есеге арттырып, көрсеткіш 400 мыңға жеткен.

Ол Қытайдан келетін туризм мен инвестицияның жыл соңына дейін екі есе артып, айтарлықтай экономикалық өсім әкелетінін айтты.

Адамдар арасындағы мәдени алмасу және байланыс

Мәдени байланыстар мен халықтар арасындағы байланыстар Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты қарым-қатынастың маңызды құрамдас бөліктері ретінде атап өтілді.

Профессор Донг екі ел арасындағы терең мәдени байланыстарға тоқталып,, екі елдің де поэзия мен әдебиеттің бай тарихы бар екеніне тоқталды. Ол қазақ ақыны Абай мен Қытай ақыны Ли Бо арасындағы шығармашылық ұқсастықты тілге тиек етіп, мәдени алмасулар өзара түсіністік пен екіжақты қарым-қатынастарды нығайту үшін өте маңызды екенін атап өтті.