Қазақстандық спорт жұлдыздары Астанада ағаш отырғызды

Фото: Астана спорт басқармасы

АСТАНА. KAZINFORM - Елордалық спортшылар «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясына қатысты. 

Астана қалалық спорт басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткендей, №5 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аумағында спортшылар, жаттықтырушылар мен спорт ұйымдарының қызметкерлері ағаш отырғызды.

«Қала тұрғындарын «Астана – тазалық пен тәртіп үлгісі» ауқмды экологиялық акциясына қатысуға шақырамын», - деді Гиннес рекордтар кітабына есімі енген спортшы, Қазақстанның алты дүркін рекордшысы Сергей Цырульников.

Фото: Астана спорт басқармасы

«Елорданың әрбір тұрғыны өзінің тұрғылықты жеріне жауапкершілікпен қарауы, абаттандыру мен көгалдандыруға қатысуы тиіс. Бүгін біз «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» науқаны аясында ағаш отырғызып, қаланы абаттандыруға өз үлесімізді қостық», - деді ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, бокстан Әлем және Азия чемпионы, Олимпиада ойындарының қатысушысы Мерей Ақшалов.

Фото: Астана спорт басқармасы

Естеріңізге сала кетейік, ауқымды экоакция аясында қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық кәріз желілері, көшелерді, тротуарларды, орамішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарларды орнату, рұқсат етілмеген полигондарды жою және т. б. жұмыстар жүргізілуде.

Фото: Астана спорт басқармасы

Сондай-ақ экоакцияға қатысушылар арасында фитнес-клубқа үш абонементке конкурс өткізіледі. Оған кез келген адам қатыса алады. Ол үшін Астана әкімдігінің Instagram-дағы (@akimat__astana) ресми аккаунтына жазылып, экоакциядан өз парақшасына түпнұсқа видео жариялап, онда #тазаастана, #экоакцияастана хэштегтерін белгілеу қажет (жарияланым болуы керек, stories емес).

Елордада ауқымды экологиялық жұмыстар әлі де жалғасуда.