АСТАНА. KAZINFORM - Аралас жекпе-жектен қазақстандық спортшы Дияр Нұрғожа UFC келісімшарты сарапқа салынатын Dana White’s Contender сериясы бойынша кезекті турнир аясында сайысқа түсті. Қазақстандық файтер октагонда польшалық спортшы Бартош Шевчикпен (8-3-1) шеберлік байқасып, қарсыласын нокаутпен жеңді.
Дияр екінші раундта қарсыласына бірнеше соққысын дарытты. Қарсыласының дәрменсіздігінен кейін төреші жекпе-жекті ертерек аяқтау туралы шешім қабылдады. Осылайша Дияр Нұрғожа өзінің жеңіліссіз сериясын жалғастырды. Оған қоса UFC бойынша әлемдегі ең үздік ММА лигасымен келісімшартқа қол жеткізді.
Қазақстандық файтер бұған дейін Alash Pride, Eagle FC және UAE Warriors промоушендерінде сайысқа түскен болатын.
Еске салсақ, бұдан бұрын Талғат Орынбасар дзюдодан әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді. 60 келіге дейінгі салмақта белдескен отандасымыз италиялық балуан Винченцо Манферлоттиді жұбаныш айналымында таза жеңді. Осылайша, Орынбасар қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.