«ІV жазғы Азия пара ойындары 22-28 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді. Жалпы спортшылар 22 спорт түрінен 564 жүлдеге таласады. Ал біздің параспортшылар 14 спорт түрінен 131 отандасымыз бақ сынайды. Спорт түрлеріне келсек, пара дзюдо, пара пауэрлифтинг, пара жүзу, пара каноэ, пара жеңіл атлетика, пара таеквондо, пара оқ ату, пара садақ ату, отырып ойнау волейболы, пара үстел теннисі, пара велоспорт, пара академиялық есу, шахмат, және бочча», - деді Туризм және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Вице-министрдің айтуынша, Азия пара ойындары кешенді жарыс болғандықтан жауапкершілік жоғары. Өйткені Азия пара ойындарында рейтинг үшін ұпайлар жиналады. Сондай-ақ келесі жылдың маусым айына дейін өтетін халықаралық бәсекелерде Париж паралимпиадасының жолдамасы сарапқа салынады.
«Осы күнге дейін ұлттық құрама Азия пара ойындарына дайындықты пысықтау мақсатында 14 спорт түрі бойынша 40-тан астам оқу-жаттығу жиынын өткізді. Жиын барысында спортшылар қажет витаминдермен қамтамасыз етіліп, бапкерлермен қоса арнайы киім-кешектер мен құрал-жабдықпен қамтылды», - дейді ол.