Қазақстандық спортшылардың биылғы рекорды – 912 медаль

Фото: ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық спортшылар 2025 жылдың алғашқы сегіз айында халықаралық ареналарда 912 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 351-і – алтын, 270-і – күміс, 291-і – қола, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігі.

Бұл тарихи көрсеткіш мемлекет тарапынан спортқа жүйелі қолдау, жаттықтырушылар құрамының еңбегі, спорт федерацияларының үйлесімді жұмысы нәтижесінде мүмкін болды. Сонымен қатар ұлттық құрамаларға шетелдік мамандардың келуі мен жаңа әдістемелердің енгізілуі де маңызды рөл атқарған.

Министрліктің мәліметінше, биылғы маусымда бірқатар тарихи жеңістер тіркелді:

  • шорт-тректе қысқы Азия ойындарындағы алғашқы алтын;

  • фристайл-могулда әлем чемпионатының қола медалі;

  • фристайл-акробатикада (синхронды секіру) қысқы Азия ойындарындағы алғашқы алтын;

  • семсерлесуде әлем чемпионатындағы алғашқы тарихи медаль;

  • көркем гимнастикада жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатындағы алғашқы алтын;

  • дзюдода әйелдер арасындағы әлем чемпионатындағы алғашқы финал және күміс медаль;

  • бокста World Boxing ұйымы аясындағы алғашқы әлем чемпионатында жалпыкомандалық есепте 1-орын;

  • мәнерлеп сырғанауда әлем чемпионатындағы күміс медаль;

  • пара биатлонда Әлем кубогының қорытындысы бойынша Хрусталь глобус.

Командалық спорт түрлерінде де елеулі жетістіктер бар. «Қайрат» футбол клубы алғаш рет өз тарихында Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне өтті.

Сондай-ақ футзалдан «Қайрат» командасы УЕФА Чемпиондар лигасының күміс жүлдегері атанды.

Сегіз айдағы бұл көрсеткіштер қазақстандық спорттың қарқынды дамып келе жатқанын айқын дәлелдеп отыр.

Алда Милан-2026 қысқы Олимпия ойындары қарсаңында спортшыларды жауапты маусым күтіп тұр.

Айта кетейік, Қазақстан кубогында үздік семсерлесушілер анықталды.