Спортты дамыту дирекциясының мәлімдеуінше, төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын Дүниежүзілік ойындарда елімізден 31 спортшы 8 спорт түрінен бақ сынады.
Әлемдік додада отандастарымыз 10 медаль (2 алтын, 5 күміс, 3 қола) еншілеп, жүлде саны мен сапасы жағынан рекорд орнатты.
Алтын медаль иегерлері:
• Жәнібек Әбу-Бәкір – джиу-джитсу
• Ұлбосын Әділова – самбо
Күміс жүлдегерлер:
• Мөлдір Жаңбырбай – WKF каратэ
• Нұрсұлтан Дүйсенқұлов – джиу-джитсу
• Маратбек Рахметоллин – самбо
• Самбодан ерлер құрамасы – Төлеухан Ниетхан, Бақытжан Дүйсембеков, Маратбек Рахметоллин, Тәңірберген Тергеубеков
• Самбодан әйелдер құрамасы – Аружан Кенесары, Ұлбосын Әділова, Құралай Қабрайқызы, Маржан Бизақ, Айнұр Ақжігітова
Қола медаль иегерлері:
• Аслан Қанатбек – джиу-джитсу
• Сейілхан Болатбек – джиу-джитсу
• Ришат Хайбуллин – спорттық құзға өрмелеу
Ерекше оқиғалар:
• Жауынгерлік самбо 1993 жылдан кейін алғаш рет ойындар бағдарламасына енгізіліп, қазақстандықтар бір алтын, үш күміс жеңіп алды.
• Джиу-джитсу бойынша Қазақстан құрамасы тарихи жетістікке жетті: бұрын бар болғаны екі қола медалі болса, биыл бір алтын, бір күміс, екі қола еншіледі.
• Спорттық құзға өрмелеу бойынша ел тарихындағы алғашқы қола медальді Ришат Хайбуллин жеңіп алды.
• Бұл ойындарда бірнеше спортшы алғаш рет халықаралық деңгейде жүлдегер атанды.
Қазақстан құрамасының Дүниежүзілік ойындардағы бұған дейінгі көрсеткіштері:
1. 1993 жылы Нидерланд елінде 1 алтын, 1 күміс, 1 қола алды.
2. 1997 жылы Финляндияда 1 алтын, 1 қолаға қол жеткізді.
3. 2001 жылы Жапонияда 1 алтын еншіледі.
4. 2005 жылы Германияда 1 күміс, 1 қола алды.
5. 2009 жылы Тайвань елінде 1 алтын, 1 қолаға қанағат білдірді.
6. 2013 жылы Колумбияда жүлде ала алмады.
7. 2017 жылы Польшада 1 алтын, 2 қола алды.
8. 2022 жылы – Америка Құрама Штаттарында 1 алтын, 2 күміс, 1 қоламен жарысты аяқтады.
Айта кетейік, XII Дүниежүзілік ойындарға әлемнің 114 елінен 3 962 спортшы қатысып, 34 спорт түрі бойынша 256 медаль жиынтығы сарапқа салынды.
Дүниежүзілік ойындар — Халықаралық Дүниежүзілік ойындар қауымдастығы (IWGA) ұйымдастыратын, Олимпиада бағдарламасына енбейтін спорт түрлерінен өтетін халықаралық көпсалалы жарыс. Бұл ойындар әр 4 жыл сайын өткізіледі.
Еске салсақ, бұған дейін Ұлбосын Әділова XII Дүниежүзілік ойындарында топ жарғанын жазған едік.