Қазақстандық стипендия иегерлеріне Сассекс университетінде жеңілдік беріледі

АСТАНА. KAZINFORM — «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ мен Ұлыбританиядағы Сассекс университеті өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Келісім «Болашақ» және «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламаларының стипендия иегерлеріне университетте оқу кезінде оқу ақысына жеңілдік алуға мүмкіндік береді.

Фото: Kazinform

Құжатқа 15 қыркүйекте «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Абай Рахмет пен Сассекс университетінің халықаралық мәселелер жөніндегі проректор орынбасары Simon Thompson қол қойды.

Меморандум білім беру және ғылым салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ қазақстандық стипендия иегерлері үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған. Келісімге сәйкес, «Болашақ» және «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламаларының стипендия иегерлері Сассекс университетінде оқу ақысына жеңілдік алу мүмкіндігіне ие болады.

Іс-шара барысында Абай Рахмет Орталық қызметінің негізгі бағыттарына тоқталып, «Болашақ» және «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламаларындағы өзекті өзгерістер мен жаңашылдықтарды таныстырды. Сондай-ақ меморандумды іске асырудың мақсаттары мен негізгі бағыттарын атап өтті.

— Сассекс университетімен меморандумға қол қою қазақстандық ғалымдардың білім алуы мен ғылыми тағылымдамадан өтуіне жаңа мүмкіндіктер береді. Әсіресе даму саласындағы зерттеулер, саясаттану, әлеуметтану, халықаралық қатынастар және басқа да әлеуметтік-гуманитарлық бағыттар бойынша ынтымақтастықтың әлеуеті зор, — деді Абай Рахмет.

Оның айтуынша, Сассекс университетінің серіктестік орнатуға ниеті жоғары бағаланады. Бірлескен жұмыс қазақстандық мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және еліміздің адами капиталын дамытуға ықпал етеді.

Кездесу барысында Simon Thompson Сассекс университетінің академиялық көрсеткіштері, білім беру бағдарламалары мен ғылыми әлеуеті туралы ақпарат берді.

Сассекс университеті — Ұлыбританиядағы жетекші мемлекеттік зерттеу университеттерінің бірі. Ол «Болашақ» және «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламаларына қатысуға ұсынылатын шетелдік ұйымдар тізіміне енгізілген. Университет әлемнің 150-ден астам елінен студенттер мен қызметкерлерді тартып, халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді.

Еске салайық, бұған дейін «Болашақ» стипендиясы мен ғылыми тағылымдама иегерлерінің есімі белгілі болғанын хабарлағанбыз.